Биыл қазан айының 10 күні жапон университеттерінің ресми өкілдері ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде орналасқан Цукуба университетінің Алматыдағы кеңсесіне келді. Жапондық делегацияның мақсаты – Қазақстандағы, соның ішінде ҚазҰУ-дағы білім беру жағдайымен танысу болып табылды.
Жапон делегациясының құрамында Рюкоку Университетінің профессоры Сато Рюко, Киото озық ғылымдар университетінің профессоры Накамура Коичи, менеджер көмекшісі Танака Сигехиро, JASSO (Japan Student Services Organization) ұйымының Бас әкімшілік қызметкері Сумиёши Соичи, эдвайзері Сузуки Мичико келді. Кездесуге ҚазҰУ тарапынан жапонтану бөлімінің меңгерушісі, PhD Ахапов Ерлан, аға оқытушы Боранкулова Самал, шақырылған профессор, PhD Ниномия Такаши қатысты. Рюкоку университетінің профессоры Сато Рюко Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы білім беру жағдайын, әсіресе жеке меншік университеттердегі ахуалды зерттеп жүрген ғалым болып табылады. Қазақстандағы жалпы білім беру стандарттары, университет ашудың алғышарттары, Қазақстандағы жекеменшік университеттер санының азаю себептері – профессор Сато Рюконың қызығушылық аясындағы мәселелер. Киото озық ғылымдар университеті мен JASSO ұйымының өкілдері ҚазҰУ-дағы білім беру жүйесі, жапонтану бөліміндегі жапон тілін оқыту әдістемесі, жапонтанушы-оқытушылардың зерттеу жұмыстарының аясы, шәкіртақыларды тағайындау ерекшеліктері, Қазақстандағы университеттерге түсу үшін тапсырылатын емтихандар, Жапония университеттерімен жасалған студент алмасу бағдарламалары туралы түрлі сұрақтар қойып, пікір алмасты. Кездесу нәтижесінде қонақтар тарапынан Жапония университеттеріне деген қызығушылықты сақтау үшін болашақта да Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетімен серіктестікті жалғастыру ниеті білдірілді.