2023 жылдың 10 қаңтарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы ZOOM платформасында факультет докторанттарымен онлайн кездесу ұйымдастырды.
Кездесу факультет деканы, т.ғ.к., доцент Ем Наталья Борисовнаның құттықтау сөзімен басталды. Кездесудің мақсаты – ғылыми тағылымдамадан өту, ғылыми-зерттеу және ғылыми жетекшімен байланыс, академиялық ұтқырлық мәселелері, оқыту жүйелері, ғылыми тағылымдаманы қаржыландыру және меморандумдар мен келісім-шарттар жасау, сондай-ақ осы бағытта ақпарат беру болды.
Деканның сөзінен кейін ғылыми кадрларды даярлау және аттестациялау бөлімінің меңгерушісі Құдайбергенова Рената Еркінқызы 2022-2023 оқу жылына арналған докторлық диссертацияларды қорғау бойынша нұсқаулықтармен таныстырды. Кездесуге Қиыр Шығыс кафедрасының докторанттары Н.М. Оспанов, У.С. Қабделова, Е.А. Ефремов, Б.Б .Сермухаметова, Ж.К.Керимова қатысып, өздерінің ғылыми ізденістері бойынша презентацияларын көрсете отыра, баяндамалар жасап, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауаптарын алды. Сондай-ақ олар өз ойларымен бөлісіп, оқу барысы және шетелдегі тағылымдамадан өту тәжірибесімен бөлісті. Кездесу соңында факультет деканы Наталья Борисовна қатысушыларға алғысын білдіріп, Шығыстану факультеті олардың әрі қарай білім алуына, диссертация қорғауға дайындалуына әрдайым қолдау көрсетіп, қажетті көмек көрсететінін атап өтті.