Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Қытатану кафедрасының ұжымы балалар үйіне барып қайтты

19.12.2013

Университетімізде қолға алынған ауқымды іс-шаралардың бірі «Айналаңды нұрландыр» акциясы. Осы қабылданған бағдарламаның арқасында көптеген тәрбиелік мәні зор шаралар өтуде. Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының ұжымы да осы өтіп жатқан акциядан қалыс қалмастан, желтоқсанның 18 күні қайрымдылық шарасын ұйымдастырды. Кафедра ұжымы Алматы қаласындағы «Үміт» балалар үйіне барып, сондағы балалардың көңілдерін бір демеп қайтты. Кафедра оқытушылары өз қалталарынан жинаған ақшаға көптеген силықтар, киім-кешектер, оқу құралдарын, тәттілер мен жеміс-жидектер сатып алып, балаларға тарту етті. Кішкентай бүлдіршіндерге түрлі ойыншықтар берілсе, мектеп жасына толатын балаларға ішіне керекті оқу құралдары салынған арқаға асатын сөмкелер сыйлады. Соңынан кафедра оқытушылары мен бүлдіршіндер бірігеп кішігірім концерт ұйымдастырды. Көңілі жарым болып жүрген балалардың ата-ана, отбасы туралы айтқан өлеңдері сол жердегі барлық үлкендердің көзіне жас алдыртты. Бүлдіршіндердің кішкентай ғана жүректерінен шыққан жан тебірентерлік рахметтерімен бірге, кафедра ұжымына «Үміт» балалар үйінің директоры С. Жұмабекованың атынан алғыс хат табысталды.