Факультет жаңалықтары мен оқиғалары
- Негізгі бет
- Факультеттер
- Гуманитарлық
- Шығыстану факультеті
- Факультет жаңалықтары мен оқиғалары
Пекин университетінің профессоры қытайтану кафедрасында
20.04.2015Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университетіне айналу жолындағы нақты шараларының бірі - әлемдегі ең беделді оқу және ғылыми зерттеу орындарымен, ең танымал ғалымдармен ынтымақтастық қатынас орнату. Бүгінгі күні бұл саясат жүзеге асырылып, өз жемісін бере бастады. Универсиеттің арнайы шақыруымен Пекин университеті тарих факультетінің ең беделді ұстаздарының бірі профессор Ваң Сяофу мырза Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасына келіп, 20 сәуірден магистранттар мен докторанттарына дәріс оқуда. Пекин университетінің профессорының арнайы келіп дәріс оқуы университет тарихында тұңғыш рет болып отыр.
Пекин университеті ҚХР-дағы реитингте ұдайы бірінші орынды иеленіп келген, әлемдік университеттердің түрлі реитингілерінде алдыңғы 15 университеттің қатарынан орын алып келген бірегей оқу орны.
Бүгінгі таңда Пекин университеті 12 факультет пен 30 колледждің басын қосып, баклавр 93, магистратура 199, докторантура 173 мамандық бойынша маман дайындап отырған Қытайдың маңызды оқу орыны. Университет жанында 216 ғылыми-зерттеу институттары, жалпыұлттық деген дәрежеге ие екі инженерлік ғылыми орталықтар қызметін жүргізеді. Университет кітапханасында 8 миллионнан аса кітап қоры мен 10 мыңға жуық қытайлық және шетелдік журналдар бар. Кітап қоры мен оқу залдарының жалпы ауданы 50 мың шаршы метрден астам, бұл Азия құрлығындағы ең ірі кітапханалардың бірі болып саналады.
Профессорлар құрамы, докторларға жетекшілік ететін ғалымдарды Қытай ғылым академиясының академиктері, инженерлік-техниккалық ғылым академиктерінің саны бойынша бойынша да Пекин университеті Қытайда бірінші орында. Студенттерінің жалпы саны 35 мыңнан асып жығылады.
Сонымен қатар университетте оқитын шетелдік студенттердің де саны өте көп екен, онда 2 мыңнан астам шетелдік студенттер оқиды.
Пекин университетінен келген қытайлық әріптесіміз Ваң Сяофу мырза өзінің еңбекқорлығымен, білім - біліктілігімен әлемге танылған ғалым. Ол Америка, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Германия және Египет қатарлы елдердің белделді университеттерінде дәріс оқыған әрі әріптестерінің жақсы бағасына ие болған тарихшы, мәдениеттанушы ғалым. Сондай-ақ ол Қытайдың отрағасырлық тарихын, Қытай мен Түрік қағанаты, Қытай мен Орталық Азия, Қытай мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынастарды терең зерттеген және құнды еңбектер жазумен үлкен беделге ие болған ғалым.
Профессор Ваң Сяофу мырза кафедрамызда 4 аптаға дәріс оқиды және семинар жүргізеді. Ол алдын-ала келісіп, түзілген бағдарламаға сәйкес, «Орта ғасырдағы Қытай мен Орталық Азия қатынасы» атты курс оқиды. Онда Қытайдың Суй, Таң патшалықтары кезіндегі қытай қоғамының дамуынан бастап, Түрік қағанаты және оның мәдениеті, Түрік мәдениетінің Қытай мәдениетіне ықпалы, қытай жазбаларындағы Орталық Азиядағы елдер және олардың қытаймен өзара қарым-қатынастары, «Ұлы Жібек жолының» Шығыс пен Батыс арасындағы сауда үдерістері сияқты кең мазмұндар тың деректермен пайымдалуда. Дәсірстен тыс уақта профессор Ваң Сяофу мырза қытайтану кафедрасының магистранттары мен докторанттарына ғылыми кеңес беріп, зерттеу тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Қытайтану кафедрасы әлемнің ең танымал жоғарғы оқу-орындары мен ең алдынғы қатарлы ғалымдарымен байланысуды алдағы кезде бір жүйеге қоймақшы. Бұл кафедрадағы, факультеттегі, университеттегі ғана емес, жалпы еліміздегі шығыстану ғылымының дамуына өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.