2015 жылдың 12 қазанында шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының доценті Фатимабибі Дәулет факультет жас мамандарына «Шығыс тілдерін оқыту барысында құзыретті-бағдарлы технологияларды қолдану жолдары» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Семинар барысында ширек ғасырға жуық педагогикалық тәжірибесі бар, елімізге белгілі шығыстанушы маман факультеттің жас мамандарына шығыс тілдерін оқыту барысында құзыретті-бағдарлы тапсырмаларды қолдану ерекшеліктерін айтып, олардың түрлерімен таныстырды. Семинарға қатысқан жас ғалымдарға Фатима Дәулет Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасында, Абай атындағы ҚҰПУ, Халықаралық Қазақ-Қытай колледжінде, Қазақ Еңбек және Әлеуметтік қатынастар академиясының қытай топтарында қолданылып жатқан «Практикалық қытай тілі. Оқытудың жаңа тұжырымдамасы» оқулығында қоладнған құзыретті –бағдарлы және тұлғалық-бағдарлы тапсырларды таныстырды.
Құзыретті-бағдарлы тапсырмалар деп біз білім мен біліктілікті студентке таныс емес, студентке белгісіз жағдайда қолануды талап ететін тапсырмалар деп танимыз. Бұл жерде басты нәрсе-игерілген ақпаратты дәл сол қалпында қайталап беру емес, керісінше, студентке таңсық жағдайда игерілген ақпаратты өңдеу арқылы дұрыс шешім қабылдауға түрткі болатын тапсырмалар.
Оқу-ағарту ісінің дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі –оның біржақтылығы, оның үйлесімсіздігі. Яғни, студент толыққанды қоғамдық-мәдени тәжірибені игерудің орнына тек бір ғана компонентті-ақпараттық компонентті ғана игеріп, оны түрлі жағдайларда өңдеуге қабілетсіз боп келеді. Құзыретті-бағдарлы мазмұндағы тапсырмалардың негізгі көрсеткіштері деп біз ең алдымен берілген тақырыптардың өзектілігі, демек тіршілік талабына сай болуы (күнделікті өмірдегі жағдайларды бейнелейді); екіншіден, студенттің түрлі құзыреттілігін дамытуға бағытталған әрекет компоненті. Ал құзыретті-бағдарлы тапсырмалардың маңызды қырлары деп: игерілген ақпаратты (білімді) және іс-әрекет жолдарын көкейтесті ету ; игерілген ақпаратты (білімді) және амалдарды студентке беймәлім жағдайда қолдануға итеру ; игерілген ақпаратты талдау, жинақтау, топшылау, бағалау барысында өңдеуден өткізіп, сол арқылы жаңа нәтижеге қол жеткізуді айтамыз, - деп атап көрсетті ғалым.
Семинар соңында шығыстану факультетінің түрлі кафедралырының жас мамандары өз әсерлерін ортаға салып, аға буын ұйымдастыратын осындай семинарлардың жас мамандардың ғылыми жақтан өсіп, тәжірибе жинақтауына үлкен себебі тиетінін атап көрсетті.
Ұйымдастырушылар: Ф. Дәулет, Н.Есімбекова, Е.Керімбаев