- Негізгі бет
- Ағымдағы жылдың жаңалықтары
ҚазҰУ ректоры Бейжіңде «Қытай – Орталық Азия» симпозиумына қатысуда
30.07.2023
ҚХР астанасы Бейжіңде Қытайдың даму жөніндегі халықаралық білім орталығының ұйымдастыруымен «Қытай – Орталық Азия» даму саласындағы білім бойынша симпозиумы басталды. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Қытай банктері, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері және талдау орталықтарының басшылары мен өкілдері қатысуда.
Симпозиум ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. Ректор 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 160 мемлекет басшыларының қатысуымен өткен отырысында алдағы 15 жыл ішінде кедейлікті еңсеруге және әлемдік қоғамдастықты орнықты етуге мүмкіндік беретін тұрақты даму мақсаттары қабылданғанына назар аударды. Бүгінде Қытайдың даму жөніндегі халықаралық білім орталығы БҰҰ бағдарламасы аясында үлкен жұмыс атқаруда және жаһандық дамуға қатысты идеялармен алмасу үшін маңызды диалог алаңы болып табылады. Сонымен қатар ҚазҰУ ректоры симпозиумға Қытай мен Орталық Азия арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы пікір алмасу үшін мүдделес адамдар жиналғанын атап өтті.
«Қазақстан Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістердің белсенді қатысушыларының бірі ретінде ҚХР-мен ғылым және жоғары білім саласында тығыз ынтымақтастыққа ие. 2015 жылы Сиань Цзяотун университеті «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Жібек жолы университеттерінің альянсын құруға бастамашы болды. Оның қызметі жоғары білім беру саласындағы ашықтық пен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған. Консулдықтың деректері бойынша ҚХР-да Қазақстанның 15 мың студенті оқиды. Мұндай статистика екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың оң бағытта екенін айғақтайды. Симпозиум 2023 жылдың мамыр айында ең жоғары деңгейде қабылданған шешім – Қытай мен Орталық Азия елдері саммитінің қисынды жалғасы және іске асырылуы. Мемлекет басшылары қол қойған Сиань декларациясы елдердің шешімін және тұрақты даму үшін өз күштерін біріктіруге деген құлшынысын көрсетеді», – деп түйіндеді Жансейіт Түймебаев.
Айта кету керек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚХР-дың 50 жоғары оқу орнымен өзара іс-қимыл туралы келісім орнатқан. 2023 жылы университет Сиань солтүстік-батыс политехникалық университетімен ҚазҰУ жанынан ССБПУ филиалын ашу туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ Қытай мұнай университетімен өзара іс-қимыл орнату туралы шартқа, Қытай – Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасының СУАР География және экология институтымен бірлесіп құру туралы келісім хатына, Пекин мұнай және газ университетімен ынтымақтастық туралы хатқа, Шэньчжэнь университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Бүгінде ҚазҰУ-да ҚХР-дан 400 студент оқиды. Шығыстану факультетінде Қытайтану кафедрасы жұмыс істейді, онда оқыту жүйесінің үш деңгейінде қытайтанушы мамандар даярланады. Қазақстанда бес Конфуций институты жұмыс істейді, олардың бірі ҚазҰУ-да Ланьчжоу университетімен көпжылдық ынтымақтастық нәтижесінде ашылды. ҚазҰУ жаңа Жібек жолы университеттері альянсының үйлестіру комитетінің мүшесі бола отырып, Бейжің, Гонконг және Сиань университеттерімен бірлесіп халықаралық жазғы мектептер өткізеді.
Халықаралық іс-шарада ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы дамуды зерттеу орталығының директоры, Қытайдың даму жөніндегі халықаралық білім орталығының директоры Лу Хао, Қырғыз Республикасы көлік және коммуникация министрінің орынбасары Анукалы Досалиев және т.б. сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі