Жаңалықтар

Жаңалықтар


30.12.2010 ҚазҰУ студенттері Белгородқа оқуға барады

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы туралы меморандумды және Ресей Федерациясы жоғары оқу орындарымен қол қойылған келісім шарттарды жүзеге асыруда, 2011 жылдың қаңтар айында «Нанотехнология» бағыты бойынша, химия факультетінің магистранттарын К.Кішібаев пен Г.Темирханованы бірлескен оқу бағдарламалары аясында Белгород мемлекеттік зерттеу университетіне оқуға жібереді.


30.12.2010 ҚазҰУ тарихында тұңғыш рет ақсақалдар кеңесі құрылды

«Келісіп пішкен тон келте болмайды». Бұл қағида ҚазҰУ-да ардагерлер кеңесінің құрылуына мұрындық болды. 29 желтоқсан күні Ректор Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен университет тарихында алғаш рет ақсақалдар алқасы өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жазушы, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әбілфайыз Ыдырысов, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынбек Кәкішов, этнограф, археолог, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері Уахит Шалекенов, қазақтың көрнекті заңгері, қоғам қайраткері, академик Салық Зиманов, белгілі қоғам қайраткері, заңгер Сұлтан Сартаев, химия ғылымдарының докторы, профессор Хабибулла Оспанов бастаған қара шаңырақтың бірнеше ардагері қатысты.

Мұнда тәжірибелі ғалымдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін ұлттық зерттеу университетіне айналдыру жолында атқарылып жатқан іс-жоспарлармен танысып, бұл тұста өз тәжірибелі кеңестерімен бөлісті. Білім ордасы басшысының айтуынша, зерттеу университеті жаңа өнім шығаруға түрткі болумен қатар, ҚазҰУ-ды әлемдік дамыған жоғары оқу орындары рейтингісінің алдыңғы қатарына қоспақ. Жаңа бастамада ортаға ой тастаған ақсақалдар білім ордасын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру барысында ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл, мәдениет, әдебиет мәселелері де назардан тыс қалмау керектігін баса айтты.


29.12.2010 Ректор география факультетімен танысты

28 желтоқсан күні ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы өзінің жұмыс барысындағы жоспары бойынша география факультетімен танысып, осымен университеттегі факультеттермен танысуын қорытындылады.


29.12.2010 ҚазҰУ студенттері жаңа жыл кешін өткізді

«Келді міне, жаңа жыл, Ән салып бір көңіл қыл!» - деп, ҚазҰУ-дың белсенді студенттері 26 желтоқсан күні 2010 жылмен қоштасып, Жаңа жылды қарсы алу кешін атап өтті. Думанды кеш белсенділердің бір-біріне даярлаған тосын сыйларының толассыздығынан қыза түсіп, қонақтарға жоғарғы көңіл-күй сыйлады. Кештің ерекшелігі сонда, әр ұйым өкілдері бұрын-соңды ешкім білмеген, өз өнерлерін ортаға салып, жаңа қырларын құрдастарына аяқ астынан паш етіп, жұртшылықты таңырқатты.


27.12.2010 ҚазҰУ ғалымдары референдумды қолдайды

Жүзеге асып жатқан бағдарламаларды аяғына дейін жеткізу үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту керек. 27 желтоқсан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі бірауыздан осындай шешім қабылдады. Сонымен қатар, шығысқазақстандықтардың бастамасын қолдаған ҚазҰУ ғалымдары ғылыми кеңесте қол жинау үшін жұмыс істейтін арнайы комиссия құрды.

Бүгінде Елбасының өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізуге байланысты мәселені қоғам қызу талқылап жатыр. ҚР Бас прокуратурасы жиналыс пен бастамашылық топты құру шаралары «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң талаптарына толықтай сәйкес келеді» десе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов «Референдумды ұйымдастыруға кететін шығын президенттік сайлауды өткізуге кететін шығыннан әлдеқайда төмен» болатынын айтты.


27.12.2010 «ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ» атты ғылыми-әдістемелік конференция болады

2011 жылдың 11 қаңтарында сағат 10.00-де биология факультетінің Үлкен акт залында «ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ» атты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессор құрамының XLI ғылыми-әдістемелік конференциясы болады.


24.12.2010 Вернон Лехманның дәрісі оқылды

Жуырда Жас ғалымдар мектебі «Жалпы және этникалық педагогика» кафедрасының 70 жылдық мерейтойына орай «Педагогикалық шеберлік бойынша «Монтессори әдістері» атты тақырыпта ұйымдастырылған ашық отырыс Синсенати университетінің магистрі, СЕЛТА, ТЕФЛ, ТЕИЛ сертификаттарының иегері Вернон Лехманның шақырылуымен өткізілді.


24.12.2010 Жерұйық – қазақ елінің брэнді

Бұл идеяны XV ғасырда Асан қайғы қалыптастырып кеткен. Қазақ азаматтарының бүгінгі басты мақсаттарының бірі де бірегейі әлемге осы құндылықты түсіндіру. Бұл тұжырым 24 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде өткен “Қазақ ұлтынан – Қазақ еліне” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға өзек болды.


22.12.2010 Декан кубогына арналған футбол жарысы өтті

Жақында ҚазҰУ-дың спорткешенінде университеттің философия және саясаттану факультеті Деканының кубогына арналған футбол жарысы өтті. Аталмыш факультет ұйымдастырған спорттық додаға студенттермен қатар оқытушылар да қатысты. Профессор Ақтолқын Құлсариева тағайындаған жүлдеге жалпы 6 команда өздерінің бағын сынады.


22.12.2010 Қазақ әуендері Израйль аспанында асқақтады

Тәуелсіздік мәні сарылып жеткен қазақ үшін аса құнды. Сондықтан, оны қалай қастерлесек те жарасады. Қазірде Қазақстан өз Тәуелсіздік мерекесін әлемге паш етуде жер жүзінің түкпір-түкпіріне ресми сапарлап қана емес, әр университеттен өнерпаз студенттерді апарып, ұлттық өнерін насихаттау арқылы да көрсетіп келеді. Соның бірі – республикамыздың жетекші білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің Израйльде қойған концерті. Оның мақсаты – қазақтың Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында шетелдіктерге ұлттық өнеріміздің мәуелі мәйегін таныту.

Қазақ өнеріне шетелдіктер кезекті рет тәнті болды. Бір айырмашылығы, бұл жолы оларға біз қонаққа бардық. Желтоқсанның 11-16 жұлдыздары аралығында ҚазҰУ-дың өнерпаз студенттері университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен, бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың бастауымен Израильде іс-сапармен болып қайттық. Басты мақсат: Қазақстан тәуелсіздігі мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараларға қатысу, сонымен қатар ұлттық өнерімізді паш ету. Ол жағынан таңдай қақтырарымызға күмән болмады. Себебі, Галия Есмұханбетованың жетекшілігіндегі «Бақыт» би ансамблі, әнші Мөлдір Бақытжанқызы, қобызшы әрі біздің жетекшіміз Зита Сыбанбаева осыған дейін шет мемлекеттерден жүлдесіз оралған емес. Оған Ерғали Анесовпен бірге мен де домбырашы болып қосылдық.