Жаңалықтар

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасы «Ашық есік күнін» өткізді.

27.04.2016

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Қарулы Күштердің 24 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген іс-шараның мақсаты, ата-бабаларымыздың жауынгерлік ерліктерін, еңбектерін насихаттау, ҚР Қарулы Күштерінің беделін арттыру.

ЖОО-ның Әскери кафедрасымен танысуға 60-астам оқушы қатысты. Іс-шараның шымылдығын Әскери кафедраның басшысы, полковник Ажимов Олег Вали-Ахметұлы ашып берді. Өз сөзінде полковник Ажимов,        ҚазҰУ-дың құрылу тарихына тоқталып, университеттің даму бағыттары жайлы сөз қозғады. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 7 ғылыми-зерттеу институты, ғылыми-технологиялық парк, 14 оқыту ғимараты, қазіргі заман талабына сай ғылыми кітапхана, 16 жатақхана, студенттерге арналған бассейн, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, оның ішінде әмбебап дүкен, кинотеатр, кафе, кітап дүкені, фотостудия, сұлулық салоны, киім жуатын орын жұмыс істеп тұр. 15 факультетте студенттер бакалаврдың 81 мамандығы, магистратураның 84 бағдарламасы бойынша білім алуда.

Қазақстанда жетекші әскери кафедра болып саналатын, ҚазҰУ-дың әскери кафедрасында студенттер, 14 әскери мамандық бойынша оқытылады. Әскери кафедраға 2015 жылдан бастап қыздарды жаңадан енгізілген үш мамандық бойынша қабылдау, алғаш рет жүзеге асып отыр.

«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының оқушыларын, әскери кафедра ұжымы, кафедраның оқу-материалдық базасымен толықтай таныстырды. Соның ішінде Бауыржан Момышұлы, Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов сынды  халық қаһармандарының есімдерімен аталған дәрісханаларға кіріп, сонымен қатар тактикалық, техникалық, ату дайындықтары, әскери топография және байланыс бойынша өткізілген дәрістерге қатысты. Мотоатқыштар әскері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің жауынгерлік техникасының қызметі көрсетілді. Оқушылардың ерекше қызығушылығы интерактивті-лазерлік тирге, динамикалық БМП-2 құрылғысына және Портативті әуе қорғаныс жүйелерінің электронды құрылғысына түсті. Іс-шараның соңында әскери кафедрада оқытылатын студенттер саптық жүрістегі әдіс-тәселдерді көрсетіп, салтанатты шерумен әндетіп өтті.