- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қытайтану кафедрасының доценті А.Ә.Кенжебаеваның кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
25.04.20162016 жылдың сәуір айының 22 жұлдызында әл-Фараби кітапханасының «Ғалымдар клубында» шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аида Әбдіғаниқызы Кенжебаеваның жаңадан шыққан үш бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аида Әбдіғаниқызы ұстаздық еткен 20 жылдық білімі мен тәжірибесінің жемісі іспеттес бұл кітаптар тек қана университет, факультет, кафедра ғана абыройы емес, сонымен қатар отандық қытайтану ғылымына қосылған салмақты еңбектері.
«Қысқаша қытайша-орысша-қазақша орысша-қазақша-қытайша ғылыми терминдер сөздігі» атты еңбектің басты жаңалығы – сөздік түзуші автор Қазақстанда ең алғаш рет әр алуан ғылыми салада және техникада қолданылатын терминдердің арнаулы атауларын үш тілді сөздікте бірктіріп түзуі боп саналады, атап айтқанда: медицина, химия, тіл білімі, әдебиеттану, математика, физика, биология, тарих, экономика т.б. бағыттағы терминдер. Сөздік шамамен 5 мыңнан астам сөздер мен сөз саптаулардан тұрады, қолданылуы қарапайым, сөздік соңында әр саланың қысқыртылған атауларының толық нұсқасы және пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
Екінші кітабы - «ХХ –ХХІ ғасырлар тоғысындағы қытай әдебиеті» оқу-әдістемелік құралы Қытайдың қазіргі таңдағы әдеби процестер мен әр алуан бағыттардың дамуына және жекелеген авторлардың шығармашылығын талдауға арналған заман талабына сай жазылған тың бағыттағы оқулық.
Үшінші шыққан кітап – «Қытай–қазақ әдебиеттеріндегі әйелдер шығармашылығының алатын орны. Салыстырмалы талдау» атты монографияда өз туындыларында әйел тұлғасын, олардың нәзік болмысын танытуға арнаған жазушылар Ш.Құмарова, Ш.Бейсенова, А.Кемелбаева, Д. Мамырбаева, Г. Шойбекова, Л.Қоныс, Чжаң Айлин, Чжаң Цзе, Чжаң Каңкаң, Уаң Аньи, Цан Сюе т.б. прозалық тундыларындағы әйел тематикасы мен әйел бейнесін ғылыми тұрғыдан салыстыра отырып қарастырған. Аталған еңбек жоғарғы оқу орындарының филология және шығыстану факультеттерінде «Әдебиет теориясы», «Қазіргі заманғы қытай әдебиеті», «Шығыс әдебиеттануына кіріспе», «ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы қытай әдебиетіндегі заманауи тенденциялар», «Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті», «Қазіргі таңдағы әйелдер шығармашылығы» пәндеріне және арнаулы курстарда кеңінен пайдалануға болады. Монографияда берілген аналитикалық тұжырымдар сондай-ақ қазіргі таңдағы әйел санасының өзіндік ерекшеліктерін зерттеп жүрген философтар мен психологтар, әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушылар үшін дерек көзі бола алады.
Тұсау кесер рәсімге кітапты шығарған «Қазақ университеті» баспасының басшылары, белгілі ғалымдар, іскерлік орта өкілдері, басқа оқу орындарының қытай тілі оқытушылары, ұстаздар, магистранттар мен докторанттар қатысты.