Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Германия профессоры дәріс оқыды

04.03.2010

23-24 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Фридрих Эберт атындағы қордың және сол қордың Орталық Азиядағы үйлестірушісі Вульф Лапинстың жеке қолдауымен Герд Велингтің ашық дәрісі өтті.

Дәрісті Халықаралық қатынастар факультетіндегі халықаралық құқықты меңгеріп жатқан студенттер тыңдады. Дәріс «Халықаралық және әкімшілік құқық тұрғысынан құқықтық мемлекет мәселелері» деген тақырыппен өтті. Кіріспе сөзді Фридрих Эберт атындағы қордың Орталық Азиядағы үйлестірушісі Вульф Лапинс алды.

Профессор Герд Велинг Германияның өте маңызды федералдық территориясы - Гамбург федералдық жерінің Әкімшілік соты төрағасы болып табылады. Гамбург жоғарғы заң мектебі мен университетінің профессоры Герд Велинг Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және жергілікті соттардың шетелдік кеңесшісі ретінде бірнеше жыл қатарынан Қазақстанға шақырылған.

Бұл профессордың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тұңғыш келуі емес. Осыған дейін де халықаралық қатынастар факультетінде өткізілген «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің құқықтық ресурстары: халықаралық стандарттар; халықаралық және қазақстандық тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарға жетекші сарапшы ретінде қатысқан.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі