Білім беру, ғылым мен мәдениет бойынша Исламдық ұйымның халықаралық сыйлығы (ISESCO) ұйымға мүше мемлекеттердің ғалымдарына биология, химия, геология, математика, физика және ғылыми технологиялар саласына сіңірген ғылыми-инновциялық еңбегі үшін екі жылда бір рет тағайындалады. Сыйлықтың құрамына сертификат, алтын медаль мен ақшалай сыйақы кіреді.
Биыл математикалық модельдеу мен техникалық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқаруда сіңірген ерен еңбегі үшін беделді марапатқа қазақстандық ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов ие болды. Аталмыш марапат Ғ.Мұтановтың ғылыми қызметінің халықаралық дәрежеде екенінің дәлелі.
ISESCO «Исламдық конференция» ұйымымен 1979 жылы құрылған болатын. Бүгінде ол әлемнің 50-ден аса мемлекетінің басын біріктіріп отыр. Халықаралық ұйымның қызметі мұсылман мемлекеттеріндегі мәдениеттің, ғылым мен білімнің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
ҚазҰУ, Баспасөз қызметі