Жаңалықтар

ДЕЛЕГАЦИЯ ҚҰРАМЫМЕН “ENACTUS KAZNU” КОМАНДАСЫ КАНАДАДАҒЫ ENACTUS WORLD CUP 2016 КӨРМЕСІНЕ БАРДЫ

12.10.2016

Канададағы Торонто қаласында студенттік кәсіпкерлік саласындағы ең ірі халықаралық шара — Enactus World Cup 2016 өтті. Аталған ауқымды іс-шараға әлемнің 36 елінен 6000-ға жуық студенттер, оқытушы-кеңесшілер және ресми делегациялар жиналды.

 Қазақстандық делегация құрамында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Enactus KazNU командасының эдвайзері Лейла Бимендиева, сондай-ақ Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттері Сұлтан Жаңбыр мен Жазира Бердыбай қатысты.

 Enactus — әлеуметтік, экономикалық және экологиялық бағыттағы бизнес-жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға бағытталған халықаралық студенттік бағдарлама. Жыл сайын әр елде ұлттық жарыстар өткізіліп, университет командалары бір жыл бойы атқарған жобалары мен жетістіктерін таныстырады.

 Enactus KazNU командасы 2015 жылдың 15 қыркүйегінде құрылған. Қысқа уақыт ішінде команда жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Enactus Kazakhstan National EXPO – 2016 ұлттық жарысында жобаларын сәтті қорғап, елдегі 42 университеттің арасынан үздік жеті команданың қатарына еніп, жартылай финалға шықты.

 Ұлттық кезең қорытындысы бойынша ҚазҰУ өкілдері тәжірибе алмасу, халықаралық жобалармен танысу және форумның мәдени бағдарламасына қатысу мақсатында Enactus World Cup 2016 шарасына делегация құрамында шақырылды.

 Әлемдік кубок аясында түрлі мемлекеттердің делегациялары дәстүрлі ұлттық жәрмеңкеге қатысып, өз елдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстырды. Enactus KazNU командасы да ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін көрсетті және басқа елдердің дәстүрлерімен танысты.

 «Студенттік кәсіпкерліктің дамуына ерекше көңіл бөліп отырған университетімізге алғыс білдіремін», — деді Enactus KazNU командасының жаңа құрамының негізін қалаушы Сұлтан Жаңбыр.

 Ал команданың вице-президенті Жазира Бердыбай:

«Enactus — әлеуметтік, экономикалық және экологиялық бағыттағы бизнес-жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін халықаралық бағдарлама. Жыл сайын Алматы қаласында ұлттық жарыстар өтеді, онда университет командалары бір жылдық еңбегін таныстырады. Қазақстан атынан әлемдік кубокқа делегат ретінде қатысқанымызға өте қуаныштымын», — деп атап өтті.

 Команданың жүзеге асырған жобаларының қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «GS-7» бухгалтерлік аутсорсинг әлеуметтік-экономикалық жобасы, сондай-ақ студенттерді өнімді нарықта ілгерілетуге үйретуді көздейтін «EnLove» сәндік сабын өндіру бизнесі бар.

 Enactus World Cup 2016 сапары команда үшін халықаралық тәжірибе жинақтаудың, ой-өрісті кеңейтудің және әлемнің үздік студенттік кәсіпкерлік тәжірибелерімен танысудың маңызды кезеңіне айналды.

 Қазіргі уақытта команда Enactus бағдарламасы аясында белсенді жұмысын жалғастырып, жаңа жобаларды іске асыруда.

 

Лейла Бимендиева