Жаңалықтар

Қазақстан мен Түркия бауырластығының мызғымас бірлігі!

21.11.2016

 

Жуырда Түрксой кафедрасының ұйымдастыруымен Түркия Республикасының 93 жылдығы аталып өтті. Аталмыш мерекеге Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің ректоры, профессор Сабри Хизметли, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті, профессор Ғарифолла Әнес, Евразия ғылыми-зерттеулер институтының директоры Невзат Шимшек және бизнес өкілдері мен түрік студенттері шақырылды.

Салтанатты мерекені шығыстану факультетінің деканы, профессор Баян Жұбатова ашып, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар туралы әңгімелеп, Түркия Республикасының Қазақстан Тәуелсіздігі үшін алар орнының ерекше екендігін атап өтті. Өз кезегінде Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз да Түркияның Республика күні әрбір түрік азаматына қандай ыстық болса, Қазақстандықтар үшін де Қазақстанның Тәуелсіздігі сондай маңызды екендігін тебірене жеткізді. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай барша Қазақстандықтарды атаулы мерекесімен құттықтаған Бас консул қазіргі Қазақстанның даму қарқынына ерекше тоқталып өтті. Қазақстан Тәуелсіздігі үшін Елбасы Н.Назарбаевтың рөлі қандай маңызды болса, Түркия Республикасының Европа елдерімен терезесі тең ел болуына  Ұлы Ататүріктің рөлі сондай маңызды екендігін айрықша атап өтті. Консул мырзаның әсіресе Алматы қаласын ерекше жақсы көріп қалғанын, биыл Алматының 1000 жылдық мерекесі аталып өтіп жатқанын, сөйтіп, өзінің де осы қалаға өз үлесін қосқысы келетіндігін жеткізді. "Қандай тарихи тезден өтпейік, біз бауырлас қазақ елімен мәңгі бірге боламыз", - деп түйіндеді өз сөзін дипломат. Сондай-ақ, жыл сайын Түрксой кафедрасының Түркияның Республика күнін ұмытпай атап өтетініне ерекше риза екендігін жеткізді, өйткені Республика мерекесі түріктер үшін аса қымбат деп атап көрсетті Рыза мырза.

Салтанатты мереке концерттік бағдарламаға ұласты. Кешті 4 курс студенті Тұрғанбаева Тоғжан мен 2 курс студенті Смақов Сұлтан түрік тілінде жүргізіп отырды. Мерекенің ресми бөлімі аяқтала сала, Ұлы көсем Ататүрік туралы деректі фильм көрсетілді. Смақов Сұлтанның ақын Жұмаш Көкбөрі аударған түріктердің "Тәуелсіздік маршын", 4 курс студенті Аюпова Дилярамның Мағжан Жұмабаевтың "Алыстағы бауырыма" өлеңінің түрік тіліндегі аудармасын, 4 курс студенті Имашева Зульфераның М.Жұмабаевқа жауап ретінде 80 жылдан соң Фейзуллаһ Будак жазған "Мағжанға жауап" атты өлеңін, 1 курс студенті Жумабаева Дильназдың М.Жұмабаевтың "Түркістан" өлеңін, 4 курс студенті Тохпулатов Дәулеттің түрік тіліндегі "Менің Түркиям!" өлеңдерін оқулары ешкімді де бей-жай қалдырмады. 2 курс студенттері Сәрсенбаева Әлия мен Тажадин Айнұрдың түрік әні "Туған жерімді" орындауы өте сәтті шықты. 2 курс студенттерінің орындауындағы түріктің ұлттық "Халай" биі, 1 курс студенттерінің орындауындағы қазақтың "Қаражорғасы", 4 курс студенті Әли Гүлбанудың орындауындағы "Атамекен" әні барша қатысушылардың патриоттық сезімін оятты. Мерекелік шарада қазақтың халық әндері орындалып, күйлері шертілді. Шақырылған қонақтар осындай керемет бағдарлама ұсынған шығыстану факультеті Түрксой кафедрасына алғыстарын жеткізді.

Мерекелік шараны Түрксой кафедрасының меңгерушісі, профессор Қажыбек Ерден Задаұлы қорытындылап, түрік-қазақ достығының мызғымас бірлігі мәңгі болатындығына көзімізді жеткізді. Мерекелік шараны ұйымдастырған куратор-эдвайзерлер Ж.Әбелдаев, А.Назарова, Н.Есимбекова және аға оқытушы Г.Теменоваға ризашылығын білдірді.