Жаңалықтар

ҚазҰУ Жас тілшілердің ІІ Форумын өткізеді

30.03.2010

2010 жылдың 31 наурызында сағ. 11.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Жас тілшілердің ІІ форумы өтеді. Форумға кәсіби өмірін журналистикаға, баспа ісіне және PR-ға арнаймын деп шешкен оқушылар қатысады. Жас тілшілер форумы Қазақстан мен ТМД аумағындағы дәстүрі қалыптасып, тарихи тереңде жатқан журналистика факультетін болашақ талапкерлерге таныстыру мақсатында өтпек. Нақ осы факультетті еліміздегі БАҚ, баспа, жарнама және PR-агенттіктерінде жұмыс істеп жүрген кәсіби журналистер, баспагерлер, қоғаммен байланыс мамандары тәмамдаған.

Бүгінде журналистика факультеті – еліміздің интеллектуалды элитасының қатарын толықтырып отырған маман даярлайтын жетекші орталық. Соңғы жылдары университет ректоры, профессор, ҚР ҰҒА академигі Б.Т. Жұмағұловтың қолдауымен журналистика факультетінің базасында озық үлгідегі студия және аппаратурамен жабдықталған университеттің телерадиокешені құрылды. Жетекші саналатын газеттер, журналдар, телеарналар, радиостансалар, PR-құрылымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Апта сайын медиа-саланың әйгілі мамандары студенттермен кездесіп, шеберлік-сыныптарын өтікізіп отырады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дәстүр бойынша республикалық «Ұлан» және «Дружные ребята» балалар газеттерімен бірлесіп, оқушылар шығармашылығына байқау жариялады. Биылғы байқаудың тақырыбы Ұлы Отан Соғысының 65-жылдық Жеңісіне арналды. Байқаудың басты мақсаты – әл-Фараби ат.ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсуді армандайтын, өз болашағын журналистика, радио, телевизия, пиар, баспа ісіне арнағысы келетін дарынды да талапты жасөспірімдерді іздестіру, таныту. Жас өрендердің байқауға жіберген үздік жұмыстары жыл бойына «Ұлан» және «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып отырды. Таяу күндері байқаудың қорытындысы шығарылып, ерекше танылған жұмыс авторлары дипломмен марапатталады. Салтанатты марапаттауды аталмыш газеттердің Бас редакторлары Есей Жеңісұлы мен Алымжан Акбаров жүргізеді. Сондай-ақ жас тілшілердің жетекшілері, біздің университетпен ынтымақтастық орнатып жүрген ұстаздар марапттаудан тыс қалмайды.

Журналистика факультетінің бүгінгі студенттері болашақ талапкерлерге арнап видео- және басқа да факультеттің өміріне арналған таныстырылымдар әзірледі. Ал факультеттің ұлағатты ұстаздары саналатын профессорлары мен оқытушылары мамандыққа қатысты сұрақтарға жауап беруге дайын. Журналист өміріндегі қызықты оқиғалар, ерекше құпиялар жайлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетімен тығыз байланыс орнатқан атақты қаламгерлер, телекомментаторлар өздерінің сырларын ортаға салуға әзір.

Көрмелер, фотосуреттер, фильмдер, клиптерден жас өрендер «журналист асханасының» қыр-сырларымен таныс болады. Әрине, сазды ән мен тәтті күй де көп болмақ!

Факультет деканы, профессор Ғалия Ыбраева: «Журналистика – үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын қажетті мамандық. Бастысы – жол басында сенімі ұстазды кездестіру. Ал мұндай ұстаздар біздің факультетте жұмыс істейді», -деп санайды.

Жас тілшілер форумы сияқты шаралардың арқасында талапкерлердің болашақ мамандықтарына деген танымдары кеңейіп, жаңаша көзқарастары қалыптаса бастайды. Олар журналист мамандығын таңдаудан бастап, өз мансабын қалай құру керектігі жайлы жоспарларын ойластыра бастайды. Форумға келген өрендер мен олардың ұстаздры, ата-аналарын факультет, аудиториялар, кафедралар, студияларға арналған экскурсиялар күтуде. Өрендердің көпшілігі бүгін еліміздегі жетекші жоғары оқу орны – ҚазҰУ-ге алғаш рет қадам баспақ және олар өз таңдауларын жасады деуге болады.

Жас тілшілердің ІІ форумына келіңіздер, көріңіздер!

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі