2010 жылдың 2 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің Баспа ісі және редакциялау кафедрасы салтанатты түрде «Фотопублицистер клубының» тұсауын кесті. Кәсіби мамандардың көпжылдардағы шығармашылық жемістері факультеттегі фотокөрмеде көрініс тапты.
Фотожурналистикада айтарлықтай жетістіктерге жеткен мамандар журналистика факультетінде оқитын шәкірттерімен шеберліктерінің қыр-сырларымен бөлісуге мүмкіндігі туды. Яки, болашақта фототілші болуға ынта-ықыласы бар студенттерге тәжірибе жинауға барынша жағдай жасауға бағытталған. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін елімізге белгілі фототілшілер факультеттің оқу-әдістемелік бағытымен танысып болашақ жұмыс жоспарын талқылады. Нәтижесінде арнайы жабдықталған лабораторияда фотожурналистер өзара кесте құрып, аптасына бір рет, жұма күні дәріс беретін болды.
Салтанатты жиында «Фотожурналистка клубының» мүшелеріне арнайы куәліктер берілді. Куәліктер Алматы облыстық «Жетісу» газетінің фототілшісі қызметін атқарып, бүгінде зейнетке шыққан ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы, «Айқын» газетінің фототілшісі Айтжан Мырзанов, «Жас Алаш» газетінің фототілшісі Асылхан Әбдірайымов, «Алматы ақшамы» газетінің фототілшісі Серік Өтегенұлы мен «Алаш айнасы» газетінің фототілшісі Нұрғиса Елеубековке табысталды. Жиын барысында факультет деканы Ғалия Ибраева қонақтарға естелік сыйлықтарды тарту етіп, болашақта шығармашылық шабыт тіледі.
ҚазУ-дың Баспасөз қызметі