Жаңалықтар

ҚазҰУ түлегі студенттерге шәкіртақы бөлді

06.04.2010

Мемлекеттің жетекші жоғары оқу орны, білім және ғылым саласының «қарашаңырағы» атауына талай жылдар бойы лайық атанып келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бүгінгі таңда Қазақстанның дамуына үлес қосып жатқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ұстаздар, топ-менеджерлер мен бизнесмендер түлеп ұшты. Қазақстан мен шетелдегі ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының барлық мүшелері туған университетінің беделін арттыруда жан-жақты қарым-қатынастарды орнатып, нығайтуда атсалысып келеді.

Сондай түлектердің бірі - Құралбек Құлажанов, «Нұр Отан» партиясының Алматылық бөлімі мен ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы төралқасының мүшесі, Б.А. Беремжанов пен Д.В. Сокольский атындағы шәкіртақының демеушісі.

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 26 жыл бойы ҚазМУ химия факультетінің деканы болып қызмет еткен ғылым қайраткері Беремжанов Батырбек Ахметұлының шәкірті болған. Қ. Құлажановтың ғалым болып қалыптасуына ҚР ҰҒА академигі, Социалистік Еңбек Ері, ғылым және техникаға еңбек сіңірген қайраткері Сокольский Дмитрий Владимирович ықпал етті. Ұстаздық ұлағаттың құрметіне Құралбек Сәдібайұлы екі шәкіртақыны тағайындады.

Жиын салтанатты түрде өтті. Д.В. Сокольский атындағы шәкіртақыны ҚазҰУ-дың магистранты Индира Желдібаева иемденді. Ол ҚазҰУ-дың «органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығын үздік тәмамдаған болатын. Студент кезінде катализ бен мұнай өнімдерін өңдеу саласы бойынша жасаған алғашқы зерттеулерін жаңа технологиялар мен инновациялық идеялардың республикалық жастар жобасында және халықаралық мұнайгаз жастар форумында ұсынған болатын.

Б.А. Беремжанов атындағы шәкіртақыны химия факультетінің 3-курс студенті Салтанат Нұрбосынова иемденді. Ол «табиғи бірлестіктер химиясы» бағытында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жасаған баяндамалары халықаралық конференциялардың дипломдарымен марапатталған.

Ай сайын берілетін шәкіртақының көлемі жиырма бес мың теңгені құрайды. Марапаттау рәсімінде академик Қ. Құлажанов қауымдастықтың алға қойған мақсаттарын толықтай құптайтындығын мәлімдеді. Қауымдастық жұмысы жас аралықтарына қарамастан түлектердің басын қосу, бүгінгі студенттердің тұрмысын жақсарту және кәсіби біліктілікті арттыру, оларға барынша көмек көрсетуге бағытталған.

Құралбек Сәдібайұлы – химиялық және азық-түлік технология саласындағы ірі зерттеушінің бірі, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Халықаралық және Ұлттық инженерлер академиясы мен Қазақстандағы Халықаралық және Ұлттық ғылым академиясының жоғары мектебінің академигі, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі (академик), Андонг ұлттық университеті (Оңтүстік Корея) мен Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры. 1996 жылдан бастап Алматы технологиялық университетінің ректоры болып жұмыс істейді.

«Нұр Отан» партия мүшесінің жастарды қолаудағы азаматтық ісі жарқын болашақтың кепілі. Ол – әлеуметтік бизнестің жауапкершілігі, ҚазҰУ түлектерінің әр буын өкілдері қарашаңырақта қалыптасқан дәстүрді жалғастыруы, білікті басшыларды қоғам алдында мойындауы.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы