Жаңалықтар

Аңдатпа

07.04.2010

2010 жылдың 12-13 сәуірде Алматы қаласы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «ТМД және Балтық елдерінің орыс тілі және мәдениет фестивалі» өтеді.

Фестивальды Ресей Федерациясының білім беру жөніндегі федеральды агенттігі, М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың халықаралық білім беру орталығы, ҚазҰУ-дың шетелдік азаматтарға арналған дайындық және филология факультеттері ұйымдастырып отыр.

Сондай-ақ, ММУ-дың халықаралық білім беру орталығы қазақстандық мамандарға арналған «Орыс тілін шет тілі ретінде оқытудың өзекті аспектілері» атты семинарын өткізеді. Семинарда бүгінгі әдістемедегі орыс тілінің жағдайы, «орыс тілінің TOFL», ресей мемлекеттік тест жүйесінің еуропалық стандарттарға сай болуы, т.б. мәселелер талқыланатын болады. Жиын барысы дөңгелек үстелмен аяқталады деп күтілуде. Ресей өкілеттігі арнайы жаңа оқу-әдістемелік және көркем әдебиеттердің, орыс тілін жетік білген белгілі тұлғалардың фотопортреттерінің көрмесін дайындады.

Фестивальда оқушылар мен студенттер Ресей мәдениеті мен орыс тіліне арналған сауалдарға, ән және мәнерлеп оқу байқауларына қатыса алады.

М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың халықаралық білім беру орталығы биыл 55 жылдық мерейтойын тойлайды. Жыл сайын ММУ факультетінде дүние жүзі мемлекеттерінен келген 1000-нан астам адам орыс тілін үйренуде. Алыс және жақын шетелдерден келетін орыс тілінің мамандары Халықаралық білім беру орталығында кәсіби біліктілігін жетілдіреді. Ол әлемнің жетекші университеттері және білім беру орталықтарымен «Орыс тілі» мақсатты федералды бағдарламасы негізінде байланыс орнатқан.

Мекен-жайымыз: Алматы қ., әл-Фараби даңғылы, 71, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.

Шараның өтетін күні: 12 сәуір сағ. 10.00-да ҚазҰУ-дың биология факультеті (БАЗ). 13 сәуірде сағ. 10.30-да ҚазҰУ-дың филология факультеті (312 ауд.).

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727) 377 35 20