- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да «Студенттік өмір» интернет-порталы іске қосылды
15.04.201014 сәуірде мемлекеттің жетекші оқу ордасының бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері «Студенттік өмір» интернет-порталын іске қосты.
ҚазҰУ жастарының интернет-порталы – бұл біздің «Сыныптастар», «Байланыста» және т.б. әлеуметтік желілерге деген жауабымыз дейді студенттер.
ҚазҰУ студенттері университет ректоры Б.Т. Жұмағұловтың басшылығымен Қазнет тарихында тұңғыш рет ірі студенттік интернет-порталын құрды. Сайт авторлары портал жұмысында таянбай еңбек еткені бірден көзге түседі. Ұсақ-түйек безендіруден бастап ақпаратпен қамтамасыз етуге дейін қарастырылған. Студентке қажетті барлық құралдар қамтылған: электронды пошта, ақпарат, көрме және ең бастысы ҚазҰУ-лықтар цензурасыз бір-бірімен ерікті түрде байланысуға жаңа мүмкіндіктер алды.
- Студенттер арасында бұл портал кеңінен таралып кететіндігіне кәміл сенемін. Порталдың басты қызметі студенттерге жол сілтеп, серіктес болу, жүзеге асыру. Университет әкімшілігі өз тарапында барынша көмек көрсетуге тырысатын болады, - деді алғы сөзінде даму және құқытық мәселелер жөніндегі проректор Нұрлан Ыбырайым.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті Асфендияр Куршенов:
- Университет басшылығы тарапынан ешқандай да шектеулер қойылмайды, керісінше студенттерді барынша қолдауға бет алған. Интернет-порталдың іске асуы университеттегі демократияның бір көрінісі, студенттер ерікті түрде порталда кез-келген тақырыпта әңгіме-дүкен құра алады.
Оқу залдарында қажетті оқулықты іздеумен уақыт өткізген студенттер енді порталдағы электронды кітапхана арқылы қажетті мәліметті тауып алуға мүмкіндігі туды. Компьютерлік тышқанның тетігін бір бассаңыз болды, бар ақпар көз алдыңызда. Бұл портал қарашаңырақта оқитын барлық студенттердің басын қосу мақсатында құрылып отыр.
- Порталдың негізін қалаған біздің департмент пен студент белсенділері еді. Барынша қызықты ақпараттармен қамтамасыздандыруға тырыстық. Ендігі эстафетаны студенттер қауымының өзіне бергелі отырмыз, замануи талаптарға жауап беретін ақпараларды өздері порталға енгізетін болады. Жастар арасында қандай хабарлар қызықты, олар қандай пішінде және қалай таралу керектігін студенттердің өздері де жақсы біледі. Осының бәрі жинақталып Қазнеттің дамуына өз септігін қосатындығына сенеміз, - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттар технологиясының директоры Гүл Жүсіпова.
Қазіргі таңда порталды тұрақты түрде пайдаланатын 1500 қолданушы бар. Университет әкімшілігі бұл көрсеткіш 20 мың студентке жетеді деген үмітте. Болашақта қазіргі жастар қауымы арасында танымалы «Менің әлемім», «Сыныптастар» мен «Байланыста» порталдарынан «Студенттік өмірге» ұласатындығына кәміл сенеді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі