ҚазҰУ-да «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен 22 қыркүйек – Тілдер мерекесіне арналған «Бауырсақ party» шарасы өтті.
Кәсіподақ төрайымы Шұғыла Бүрлібаева: «Негізгі мақсат – атамыздың қанымен дарып, анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді қолдау, қорғау, күні кеше ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете жаздаған ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, жастар арасында дастарханымызға тиесілі дәм дайындауды жаңғырту, халыққа кеңінен дәріптеу», – деп атап өтті.
Мерекелік шарада студенттер мен ұстаздар қауымына бауырсақтар таратылды. Осы мерекеге орай 160 кг бауырсақ әкелінді. Бауырсақтан дәм тату үшін алдымен бір мақал-мәтел немесе қара өлең айту керектігі науқанға ерекше мән үстеді. Студенттер ішінде өзінің білімдарлығымен көзге түсіп, мақал-мәтел айтуда және қара өлең оқуда оқ бойы озып шыққандары да жоқ емес. Шара университет кампусын толық қамтыды. «Мәңгілік ел» студенттер мен түлектер қақпасынан бастап, ректорат ғимаратының және барлық факультеттердің оқу корпустарының алдында бауырсақтар таратылды.
Сондай-ақ университеттің өнерлі жастары шағын мерекелік концерт беріп, шараның шырайын кіргізді. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының мүшелері белсенділік танытты. Ана тілімізді насихаттап, қазақылықты паш етуде барша факультет студенттері алдарына жан салмады. Қаракөз қыздарымыз ұлттық нақышта киім киіп, мерекенің сәнін келтірсе, шанағына күй тұнған домбыра ұлттық өнерімізбен сусындатып, сұлу саздың сиқырын сездірді.
Айта кетерлігі, бұл – «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының Тілдер мерекесіне орай жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын ауқымды шараларының бірі. Шарада университетіміздің 15 факультеті бой көрсетті. Сол арқылы студенттер тіл мерекесіне салғырт қарамайтындығын және ана тілімізге деген зор құрметтерін білдірді.
Философия кафедрасы