- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қоғамдық сананы жаңғырту
04.10.2017Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт», -деп көрсетті. Мемлекет басшысының мақаласында айтылған білім және ғылым саласындағы міндеттерді айқындау мақсатында қазақ білімінің қарашаңырағы − әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан жоғарғы мектебінің ұлттық ғылым академиясының (ҚЖМҰҒА) 25 жылдығына орай белгілі ғалымдар, ірі қоғам қайраткелері мен ЖОО басшылары бас қосты. Шара барысында ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жоғары білімді дамытуда қоғамдық сананы жаңғырту жайы талқыланды.
Жиынды ашқан ҚЖМҰҒА президенті, академик Ғалым Мұтанұлы «Ең алдымен, қоғамдық сананы жаңғырту үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру қажет. Яғни Қазақстанның кем дегенде екі жоғары оқу орнының әлемдік үздік университеттер рейтингіне енуі, бітіруші кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру секторының экспорттық қабілетін арттыру»,- деп бастады баяндамасын. Ол «Әрбір қазақстандық, ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп Елбасы мақаласына бағдар жасап, «мемлекеттік үштілділік саясаты, мәдени және конфессиялық келісім бағдарламасы, латын қарпіне көшу – заманауи талаптарға сәйкес біздің тәуелсіз мемлекет ретінде жан-жақты ойластырылған, еркін таңдауымыз», - деп атап өтті. Өз сөзінде Ғ.Мұтанов ғылыми қоғамдастықтың алдына Президент қойған негізгі міндеттерді ұлттық академия басты назарға алу керектігін тілге тиек етті. Осы тұрғыда зиялы қауым ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға өз үлестерін тигізуі тиіс, олар «Туған жер», «Туған ел» бағдарламаларын, «Қазақстанның рухани әулиелері», «Өркениетті әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобаларын жүзеге асыру арқылы іске асады.
Жиынға атсалысқан Ұлттық академияның мүшелері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы елдің ғылыми және зиялы қауымына жолдау арнады. Олар қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамаларды бірауыздан қолдап, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда бар күш-жігерін салатындықтарын жеткізді.
Академик Мұрат Жұрынов академия президенті ретінде Ғалым Мұтановтың ҚЖМҰҒА-ға жаңа тыныс, өзгеше леп бергендігін айрықша атап өтті. М.Жұрыновтың сөзінше, бүгінде Ғ.Мұтанұлы баяндамасында анықтап айтқан барлық стратегиялық міндеттер қоғамның санасын жаңғырту бойынша Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға бағытталып отыр. «Елбасы мақаласындағы міндеттерді жүйелі жүзеге асыру үшін ғалымдар, мемлекет пен бизнес күші және жалпы қоғам болып бірігу қажет. Ғылым, мемлекет және бизнестің өзара әрекеттесуі инновациялық өсу мен тоқтаусыз жаңаруға алып келеді» деп пікір білдірді академик.
ҚЖМҰҒА қазақстандық білім беру бағдарламаларының экспорттық потенциалы мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға арналған бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырды. Күні бүгінге дейін Ұлттық ғылым академиясы заманауи білім беру сипатында «Ашық білім берудің ұлттық платформасы», «Универ» бағдарламасы, «Қазақстан – 2050» Инновация мен академиялық басымдылық ұлттық рейтингі» сияқты ауқымды жобаларды іске асырып келеді. Өз ретінде жоғары мектептің дамуына орасан үлес қосқан Қазақстанның көптеген ірі ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің елеулі еңбегін ескермей кету мүмкін емес. Осы орайда М.Жұрынов, Д.Сүлеев, Н. Мамыров, К.Нәрібаев, Т.Есполов бастаған өзге де академик, ғалымдар «Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері медалімен» марапатталып, мерейлері үстем болды.
Баспасөз қызметі