Жаңалықтар

Ұлттық интеллигенция: Қарыз бен Парыз

06.10.2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті қоғам қайраткері, сыншы, публицист С.Әшімбаевтың 70 жылдығына арналған «Ұлттық интеллигенция: Қарыз бен Парыз» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Айтулы шара ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті  публицист-жазушы, әдебиет сыншысы С.Әшімбаев мұрасын қазіргі заман тұрғысынан терең тану арқылы тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа дәуір ұлт зиялысы қалыптасуының болмысын бағамдау, ұлттық интеллигенцияның ұлт алдындағы қарызы мен парызының мәні мен маңызын ашу, С.Әшімбаевтың ұлт зиялысы ретіндегі қайраткерлік, шығармашылық қызметінің қазақ қоғамының әдеби-мәдени даму үдерісіндегі тарихи орнын айқындауға бағытталады.

Президиумда алғашқы болып сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов «С.Әшімбаев Ұлттық телеарнаға басшы болып келген жылдары телекөрсетілімдердің арасына сыналап ұлттық қадыр-қасиеттерді насихаттайтын бейне түсірілімдерді қосты. Көптің көкейінде жүрсе де ашық айтылмайтын мәселелерді жария түрде қоғамға ой салды», - деп оның әділдікті ту еткен қайсар қасиеті мен шыншылдығын, адамдығы мен адалдығын айрықша атап өтті. Ол «Зиялы адамда болуға тиіс адалдық пен әділдік Сағаттың бойына ата-ананың қасиетінен, қазақ фольклоры мен әдебиетінің асыл жауһарлары арқылы дарығаны анық», - деді өз сөзінде.

«Қарыз» және «Парыз» деген екі ұғымды ұрпақ санасында қайта жаңғыртқан Сағат Әшімбаев бір-бірімеи сабақтас әлеуметтік - психологиялық екі үлкен категорияны саяси-философиялық биікке көтеріп, жаңа мазмұнда ұсынды. Әріптесі Ғадылбек Шалахметовтің сөзімен айтсақ, «Сағат студия қонақтарын ұлттың алдында тұрған ең күрделі мәселелер, өзекті тақырыптар туралы ашық әңгімеге шақырды».

Қазақ тарихындағы өзіне дейінгі ұлттық интеллигенциядан үлгі алған және солардың ұлттық мұрат жолына бүкіл ғүмырын арнаған Сағат Әшімбаевты өз заманының озық мәдениетті, биік парасатты, терең білімді күрескер тұлғасы ретіңде халық ерекше бағалайды және кейінгіге үлгі етеді. Өз кезегінде Ғалым Мұтанов заманынан оза туған, тұғырлы тұлғаның рухына тағзым ету ниетінде жүректен шыққан жыр шумақтарымен ойын қортындылады.

Баяндамасында ҚР Парламент депутаты, ҚазҰУ түлегі, белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Сағаттың әдебиетшілік қырын аша түскендей. Оның айтуынша, С.Әшімбаев тек сыншы ғана емес, өз заманында әйелдер тақырыбын шығармаларына өзек қылып, келелі мәселелерді өзінше көтерген публицист. Парламент депутаты ол жайлы «Таланттыларды танып жүріп, талантты болған» деп зор бағасын берді.

Түптеп келгенде, өмір мен өнер, қоғам мен заман адам мен ғалам туралы ойлар мен толғаныстардың, талдаулар мен сараптаулардың өрісі бөлек өзгеше үлгі-өнегесі жатқан «Сын мұраты» (1979 жыл), «Талантқа тағзым» (1982 жыл), «Парасатқа құштарлық» (1985 жыл), «Шындыққа сүйіспеншілік» (1993 жыл) «Сын сымбаты» (2010 жыл) атты қалың-қалың кітаптар, сыншының таңдамалы шығармаларының екі томдығы – ұлт көркем ойы мен ұлт руханиятының тұтас бір дәуірін тануға, талдауға, саралауға жол ашар, өрісті көркем ой мен келісті көркем сөздің өрі мен төрін ұсынар іргелі еңбектер.

«Сағаттың әр мақаласы мен әрбір эссе-толғауларынан бірімен-бірі тамырласа байланысқан, үйлесе қабысқан ойшылдық пен қайраткерліктің, азаматтық пен адалдықтың табиғи жарасымы менмұндалап тұрады. Тұлға табиғатын тануға мүмкіндік берер біз айтқан төрт сипат пен төрт таңба – Сағат әлемінің тұтастық болмысы, Сағат жаратылысының кемел кескіні. Сондықтан анықтауыштық сипаттағы бұл ұғымдардың бірінен бірін бөле-жармай қарастыру сыншы әлемін тану мен бағалаудың басты шарты деп ұққан жөн», -дейді ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Н.Оразалин.

Саңлақтың әдебиеттегі сара жолын, шығармашылықтағы шыншылдығын, әріптестер арасындағы адамгершілігін шараға жиналған аға буын жарыса айтты. «С.Әшімбаев мақалаларының қай-қайсысы да оқырманын бейтарап қалдырмайтын ойлы, парасатты – жақсының жаршысына, жаманның құтын қашыруға қызмет еткен дүниелер»,- дейді олар. Шара барысында М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанов, Украинаның халықарылық әдебиет және өнер академиясының президенті, Украина Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, қоғам қайраткері, журналист Сергей Дзюба, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы Смағұл Елубаев,Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  доценті, профессор Құлбек Ергөбек, Абай институтының директоры, профессор Жаңғара Дәдебаев, профессор Жақан Молдабеков  қатысып,  «С.Әшімбаев – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, сыншы, публицист», «С.Әшімбаев және әдеби сынның көкейкесті мәселелері», «С.Әшімбаевтың әдеби-публицистикалық мұрасы», «ЖОО әдебиетті оқыту мәселелері» тақырыптарында баяндама жасап, ой өрбітті.

Жазушы С.Елубаев айтпақшы, өмірден Сағаттың өзі өтсе де оның сөзі иесіз қалған жоқ. Сағаттың сөзін оның көзіндей ұлы Мәулен іліп әкетті. «Мәуленнің тілімен Тәуелсіздікке қызмет етіп келеді бүгінде Сағат. Өмірден Сағат өтсе де оның қасиетті қаламы иесіз қалған жоқ. Жазуын тоқтатқан жоқ. Ол қалам бүгінде жары Шәрбанның қолында. Елімізге белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқалы қашан», - дейді жазушы. Саналы ғұмырында қара орман қазақтың қамын ойлаған қоғам қайраткерінің рухы еш өшпес. С.Әшімбаев стипендиясының иегері, журналистика факультетінің студенті Дастан Қастайдың пікірінше, Әшімбаев мәңгілік әлемінің шынайылығы сондай, онық туындарын көзімен көзіп, көңілімен оқығандарға керемет бір сезімнен арылу қиын. Осы игіліктердің нәтижесінде қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Әшімбаев атындағы арнайы дәрісхана ашылғандығын мақтана айтуға болады. Сондай-ақ, танымал тележурналисттің есімі Отанымыздағы мектептер мен көшелерге берілген. Оны тағдырластары, аудиториясы мәңгілік көңіл қыртысында сақтайды. Себебі, біз таныған Сағат Әшімбаевтың сырлы әлемінде ұлтының мүддесі, келешектің алпауыт салауаты жатыр.

 

 

Баспасөз қызметі