Жаңалықтар

MADE IN KAZAKHSTAN

30.04.2010

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес факультетінде студенттер арасында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Менеджмент» мамандықтары бойынша республикалық олимпиада өтті.

Олимпиадаға республиканың барлық аймақтарында экономика саласының мамандарын дайындайтын ЖОО-ның командалары қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды: on-line және in-class. Олимпиада наурыз айының 6-жұлдызынан бастау алды. Мемлекеттің 5 аймағынан 33 өтініш келіп түсті, содан 13 команда іріктеліп алынды.

Сайыс шарты бойынша әр топ қазақстандық тауар өнімін жасап шығаруға, зерттеуге, атау қойып, таныстыруға, таралатын аймағын анықтауы тиіс болды. Сондай-ақ, тауардың жарнамасын, жарнама мәтінін және бейнероликтер дайындап, жаңа және тың идеяларды ұсынуы тиіс еді. Студенттер ҚазҰУ туралы шағын жарнама бейнеролигін ұсынды.

Қазылар алқасын Исламдық қаржыландыру, білім беру және бизнес орталығының директорлары (IFBTC) Кемал және Назгүл Махмұд, GSM Қазақстан / Kcell корпоративті байланыс жүйесінің директоры Аида Досаева, КАПИОР президенті Александр Романов, ЦИОМ директоры Гүлжан Әлімбекова, «Sange» Зертеу орталығының директоры Жанар Жандосова, ҰБЖ агенттік желіні дамыту бөлімінің бастығы Нұржамал Мұратова, «National Buissnes» маркетинг дирекциясының бастығы Динара Ыдырысова және т.б. құрады. Қазылар алқасының төрайымы ҚазҰУ профессоры Айгүл Төлембаева болды.

Олимпиаданың нәтижесі бойынша бірінші орынды «Қымыз» ұлттық тауарын ұсынған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Smart.kz тобы жеңіп алды.

Сондай-ақ, сайыста өнер көрсеткендердің қатарында: «Бес қазына» командасы «Creakids» қарындаштарын, «SMILE» командасы «СанБрэд» нан бұйымдарын, «ЭКШН» командасы «ЖЕНТ» өнімін, «Mercurius» командасы «Аспаз» тауар маркасын, «Болашақ» командасы «Тайбұрыл» қымыз өнімін, «PRO 100 genius» командасы «Nomad Food» аспаз бұйымдарын, «5-ші элемент» - «Эдем» кунжут майын, «Big M» - «Chakers» батончиктерін және «Перспектива» командасы «TaySpirit» минералды суын ұсынды.

Бас жүлдегерлерге КАПИОР 50 мың теңге көлемінде сыйақы бөліп, «IFBTC» Ислам орталығында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды. Екінші және үшінші орын алған жеңімпаздар КАПИОР, ASEM, KCell және ҚазҰУ-дан арнайы сыйлықтармен марапатталды. «Автоадвокат» компаниясы атынан үздік көрсеткіштерге ие болған командаларға тәжірибелі сынақтан өтуге мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар табыс етілді.

Олимпиада аясында Kcell компаниясының өкілі Еркін Үдербайдың басшылығымен шеберлік-дәрістері ұйымдастырылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі