Жаңалықтар

Семей полигонындағы соңғы жарылыс

19.10.2017

ҚазҰУ-дың «Невада-Семей» жастар ұйымының ұйымдастыруымен «Семей полигонындағы соңғы жарылыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.  

Дөңгелек үстелге халықаралық ядроға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының төрағасының орынбасары Эфим Зуслин, жауапты хатшы  Әлия Бекмағамбетова, ядроға қарсы қозғалыстың ақсақалдары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Невада-Семей» жастар ұйымының өкілдері қатысты.

«Қазақстанның  белгілі ақыны, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен «Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы 1989 жылы 28 ақпанда құрылды. Антиядролық қозғалыстың басты мақсаты – тек Семей және әлемдегі барлық ядролық полигондарды ғана емес, әскери мақсаттағы ядролық сынақтарды тоқтату, ядролық соғыс қаупін жою болды»,-деді жауапты хатшы Әлия Бекмағамбетова.   

Осыдан 26 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа орасан зор қасірет төндірген жойқын қарудың үні мәңгілікке өшті.

Баспасөз қызметі