Жаңалықтар

ҚазҰУ-дағы байрақты бәсеке

28.10.2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ІХ жазғы универсиада ойындарының Грек-рим күресі бойынша жарыстың ашылуы болып өтті. Екі күнге созылған байрақты бәсекеге Қазақстанның 20 университетінен 120 спортшы қатысуда.

Шараны ашқан ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының бас директоры Садық Мұстафаев «Қазақ білімінің қарашаңырағы ҚазҰУ спорттың дамуына сүбелі үлес қосуда. Бүгінгі таңда оқу орны қазақтың бетке ұстар азаматтарына білім беріп,барынша қолдау көрсетіп келеді» деп атап өтті. Өз сөзінде ол университет басшылығына алғыс білдіріп, айтулы шараның маңыздылығын тілге тиек етті. С.Мұстафаев «ел болашағы жастардың қолында» деген ұранын жеткізіп, қатысушыларға үлкен сенім білдірді.

Әр аймақтың үкілеген үмітін арқалап келген жалынды жастар 4 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Дүбірлі додада Алматы қаласындағы ҚазҰУ, АГУ, АТУ, ҚазМҰУ студенттері мен Елордадағы ЕҰУ және ТарМУ-лықтар жоғары нәтиже көрсетті.

Дүбірлі додада 59 кг салмақ бойынша ҚазҰУ студенті Б. Жақанша, 71 кг салмақ дәрежесімен С.Әлжаппаров, ҚСТА студенттері 80 кг салмақтағы А. Дүмбіров пен 98 кг салмақ дәрежесімен О.Сырлыбай оқ бойы оза шығып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Барша жеңімпаздарды құттықтап, ертеңгі жарысқа қатысатын ер-жігіттерге сәттілік тілейміз.

 

Баспасөз қызметі