Жаңалықтар

Ұлы Жылдарға тағзым!

30.04.2010

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматыда алғашқылардың бірі болып Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгін жетекші университет Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтаған болатын. 9 мамыр қарсаңында дәстүрге айналған шарада ҚазҰУ қала және университет ардагерлерімен жыл сайын бас қосып отырады.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев: «Бүгін Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп Отаны үшін жан пида еткен қандастарымызды еске алу үшін жиналып отырмыз. Ұлы Отан соғысы ата-бабаларымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың сол ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Сіздердің арқаларыңызда бүгінде қазақ елі тұғырлы мемлекет болып қалыптасты. Зор еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіріп, келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деді.

ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, студенттер мен оқытушылар атынан келе жатқан мейраммен құттықтады.

- Бүгін Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бас қосып отырмыз. Арамызда қан майданнан аман келген, сол жылдардың қиын-қыстау кездерін бастан кешірген ағаларымызға қошемет көрсету үшін жиналдық. Қазақстанда қан майданға аттанып оралмаған бірде бір жанұя жоқ шығар, соларды еске алайық, - деді.

Бұл мейрамның қарашаңырақта алатын орны бөлек. Соғыс жылдарында ҚазҰУ өз жұмысын жалғастыра отырып, майданға керек құралдармен қамтамасыз етіп отырған. Химия факультетінің студенттерін ПВО инструкторларына дайындады. Жоғары курстың қыздарын медбике етіп дайындаса, физика-математика факультетінің 1-2 курс студенттерін радист-оператор мамандығына оқытты. Университетте майданға арналаған рентгенотехниктер дайындалды. Майданға университеттен барлығы 287 оқытушы мен студенттер қауымы аттанды. Соның ішінде өз еркімен майданға аттанған ҚазМУ-дың тұңғыш ректоры Ф.Т. Оликов, Ұлы Отан соғысының батыры атағын алған А.Г. Попов, соғыс жылдардан кейінгі Қазақстан тарихын зерттеуге орасан зор үлес қосқан Шалекенов Уахит Хамзиұлы, тарих факультетінде еңбек еткен Жұматов Ғаббас Жұматұлы, Беляков Гаин Петрович , Әбдірахманов Қайыркен Ескендірұлы және т.б. болды.

Шараға арнайы шақырылған қонақтардан ҚР ҰҒА академигі Салық Зиманов, Сталинградтағы шайқасқа атсалысқан Зұлхарнай Сейітов, халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Ұлы Отан соғысының батырлары – Уахит Шалекенов, Валиев Мырзабек, Федор Зацепин, Михаил Иванов, Әбдірахман Ішмұхамедов, Тамара Максимова қатысты.

Бұл күнде университет алаңы бірнеше уақыт бойы нағыз сахнаға айналды. Студенттер музыкалық-театрланған қойылымды халық назарына ұсынды. Студенттік қойылымның тақырыбы - «Ұлы жылдарға тағзым!» деп аталды. Қойылымға 2000-нан астам студент қатысты. Студенттер сарайының алды нағыз соғыс жылдарының майдан алаңына айналды. Әскери палаткалар құрылып, майдан асы – гречкадан жасалған ботқа дайындалды. Оркестрдің қолдауымен әскери әндер орындалып, аспанға алуан түсті шарлар ұшырылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі