- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Қазақ тілін латын графикасына көшіру реформасы – рухани жаңғыру бастауы»
01.11.2017
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақ тілін латын графикасына көшіру реформасы – рухани жаңғыру бастауы» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Алматы қалалық әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Садықов, «Қазақпарат» халықаралық агенттігінің бас директоры Асқар Омаров және филология және әлем тілдері факультетінің оқытушы-профессорлары, студенттер мен магистранттар қатысты.
Шара барысында латын әліпбиіне көшу маңыздылығы мен жаңа жүйедегі емле-ережелер сараланды. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
«Президенттің бұл қадамы – саяси ғана емес, тарихи шешім. Еліміздің тарихындағы ең маңызды шешім – ол тәуелсіздігімізді жариялау болса, екіншісі осы "Рухани жаңғыру" және латын әліпбиіне көшуіміз. Бұл ретте кертартпалыққа салыну үлкен қателік болып есептеледі, артқа шегінетін жеріміз қалмады, енді күтудің, кейінге қалдырудың реті жоқ. Алдымызда 7 жыл уақытымыз бар, оның екі жылы бейімделуге, яғни үйренуімізге кетеді», – деді «Қазақпарат» халықаралық агенттігінің бас директоры Асқар Омаров жиын барысында. Оның айтуынша, жаңа әліпбиде жазу алғашқы уақытта қиындық туғызғанымен, оны қазақстандықтар тез үйреніп алады. Осы орайда Асқар Омаров «Қазақпарат» порталында күніне бір мақаланы жаңа латын әліпбиінде жариялап отыруға да уәде берді. Филолог тілші Анар Салқынбайдың сөзінше, бұл бағытта атқарылар жұмыс басым, алға қойылған міндет көп. «Латын әліпбиіне көшу кезеңінде бұқарамен қызмет, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуі маңызды. Екіншіден, ғылыми жұмыстар дұрыс атқарылуы тиіс», -дейді ол.
Әліпбидегі емле-ережелерге кеңінен тоқталып, тілдік құрылымын талдаған Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Съезд Ақымбек латын әліпбиінің әлі де жетіліп, бір ретке келетіндігіне сенім білдірді. Сөйлеген сөзінде филолог жаңа әліпбиге көшу ұлтты жаңғыртуда жүйелі бастама болғандығын жеткізді.
Баспасөз қызметі