Жаңалықтар

ҚазҰУ-дың КВН командасы үздік шықты

2-там-08

Елордамыздың мерейтойы қарсаңында Астана қаласының «Жастар» сарайында «Астана күлкісі» атты КВН Кубогы өткен болатын. Оған Қазақстанның әр аймағының жоғары оқу орындарынан құралған 10 КВН командалары қатысты, олардың арасында Қырғызстанның, Алтай өлкесінің (Ресей) көңілділері мен тапқырлар тобы бар.

Алғашқы күннің «сәлемдемесінен» сүрінбей өткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "СКЛ КазГУград" КВН командасы жартылай финалда да ұтымды ой-пікірлері мен ұнамды әзіл-қалжыңдарымен көпшілік көңілінен шыға білді. Олардың бәсекелестері де оңай емес, әзіл-қалжың саласының майталмандары - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен «ОҚМУ командасы», Бішкектен «Қырғызстан құрамасы» мен Халықаралық бизнес академиясының «Sit down» командалары болды. Дегенмен сайыс басталысымен-ақ үздік ойын, әзіл-қалжың өрнегімен көрермендер мен әділқазылар жүрегін жаулап алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы топ жарып, бірінші орынды иеленді.

Осылайша жақын шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған КВН командалары Астана мерейтойына ұмытылмас көңіл-күй, әдемі әсерлер, күлкі сыйлап қайтты. Осы күндері өнерлі жастардың аузынан айтылған әзіл-қалжыңдар Астана жастарының көкейінде мәңгі жатталары анық.

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі