- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тиімді тәжірибе
13.11.2017Жуырда университет музейінің қызметкерлері Алматы қаласының мәдени ошағының бірегейі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде өткен республикалық семинар жұмысына қатысты.
«Ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» деп аталған семинарды ел тарихының құндалықтарын зерделеу негізінде мәдениет пен білім беру мекемелерінде жастарды ұлтжандылыққа, азаматтыққа тәрбиелеу және ұлттық сананы қалыптастыру мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырды.
Негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлерімен таныстыру және тәжірибе алмасу.
Семинар жұмысы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасымен бірлескен «Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінің ашылу салтанатымен басталды.
Республикамыздың білім беру мекемелері, мұражайлары мен кітапханалары арасындағы байланысты күшейтуге бағытталып, тарихшылар, ғалымдар, зерттеушілермен қатар, ұстаздар, кітапхана мен мұражай қызметкерлерінің басын қосқан шарада Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Ауқымды шарада ҚазҰУ музейі аясында жастарды рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен музейдің бас маманы ретінде мен «Университет мұражайындағы рухани тәрбие» тақырыбында презентациялық баяндама жасадым. Сонымен қатар, «Қазақстан тарихы» республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық журналының бас редакторы Т.О. Әзімханова, Мемлекеттік орталық музейдің Мәдени-білім жұмысы орталығының басшысы А.В. Кущенко, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Ғылыми – қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері – Л.Ә.Омарова, Ә.Ә.Оспанова және т.б музей қызметкерлері мен тарихшы мамандардың танымды қызықты баяндамалары тыңдалды.
Семинар жұмысына қатысушылар болашақта отандық кітапхана, мұражай ісі, білім беру қызметінің теориясы мен практикасын одан әрі дамыту, тәжірибе алмасуға арналған іс-шараларды жиі, мазмұнды өткізу, өзара қарым-қатынасты нығайтып, жастарға рухани тәрбие беруге арналған ғылыми-әдістемелік құралдардың басылып шығуына ат салысу үшін шешім қабылдады.
Барлық қатысушыларға, атап айтқанда ҚазҰУ тарихы музейінің қызметкерлері – А.Ж.Жабықпаева, Б.А.Әміржанова, Ә.Ә.Дәлібаева және Биология музейінің қызметкерлері – К.С.Мұсабеков пен А.Жардамалиеваларға ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ММ директорының міндетін атқарушы М.Қасымбеков мырзаның атынан арнайы сертификаттар табысталды.
Ұлтымыздың рухы мықты, азаматтары қайырымды, жастары өнегелі болса деген ниетпен өткен шара тағылымға толы болды.
Ардақ ЖАБЫҚПАЕВА,
ҚазҰУ музейінің бас маманы