Жаңалықтар

Қайырымдылық акциясы өткізілді

22.11.2017

Қайырымдылық акциясы өткізілді

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы  Біріккен Ұлттар Ұйымының ақпараттық кеңсесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоғамдық ақпарат департаменті білім беру және консалтингтік қызмет шеңберінде «Балаларға бірге көмектесейік» атты қайырымдылық акциясын өткізді.

«Қоғаммен байланыс» мамандығының 1-ші және 4-ші курс студенттері әлеуметтік мәселелерге назар аударуға бағытталған әлеуметтік маңызды ақпараттық іс-шара өткізу жобасын дайындады. Алғашқы шарада студенттер қоғамда ерекше орны бар балалар мәселесін шешсе, бүгінгі шарада мерзімінен бұрын туылған балаларға көмек көрсету мәселесін қарастырды.

17 қарашада мерзімінен бұрын туылған балалардың Халықаралық күні атап өтілді. Әлемде және Қазақстанда жыл өткен сайын мерзімінен бұрын туылған балалардың саны артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, көптеген экологиялық, медициналық себептерден басқа, аналардың ерте жастағы жүктілігі және жүктілік кезінде қарапайым ережелерді білмеуі мерзімінен бұрын босануына әкеп соғады.  Жастар мен студенттердің бұл мәселе туралы хабардар болуы мерзімінен бұрын туудың алдын алады.

Студенттер «Балаларға бірге көмектесейік» баспасөз конференциясын БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаменті, ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасымен және Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының мамандарымен, перинатология және балалар кардиохирургиясы қалалық орталығының дәрігерлерімен бірлесіп ұйымдастырды.  

БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің директоры Властимил Самек баспасөз конференциясында денсаулық сақтау, соның ішінде көптеген мәселелердің алдын алу үшін жастарды үнемі хабардар етіп, тәрбиелеп отыру қажеттігін айтты.

Студенттердің дайындауымен ақпараттық парақшалар мен буклеттер таратылды, шара соңында осы күннің символы ретінде  көгілдір лента мен ақ түсті шарлар ұшырылды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Студенттік баспасөз орталығы