Философия және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен философия ғылымдарының докторы профессор Тұрсын Хафизұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Дәстүрлі қазақ мәдениеті және қазіргі кезең» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция болып өтті.
Шара барысында қазіргі Қазақстан мәдениетінің қалыптасу заңдылықтары мен ерекшеліктеріне байланысты ғылыми ортаның ой-пікірлері айтылып, қазақ мәдениетін зерттеудің заманауи әдістемелік мәселелеріне және әлеуметтік-мәдени құндылықтарына сараптамалық талдау жасалынды.
Конференцияға қатысқан қоғам қайраткерлері мен ұстаздар белгілі ғалымның өмір жолы мен ғылым жолының қалыптасу кезеңіне тоқталып, Т.Х.Ғабитовты 70 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтады. Еліміздің білімі мен ғылымының дамуына қосқан сүбелі үлесі мен ҚазҰУ-ға сіңірген ұзақ жылғы еңбегі үшін ғалым «күміс төс белгімен» марапатталды.
Салтанатты шараның соңы ғалымның шәкірттерінің атынан ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Концерттік бағдарламада Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студентттері өнер көрсетті. Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасы қорынан ұстаздың ғылыми еңбектері мен жарияланымдарынан көрме қойылды.
Келген қонақтар Алматы қаласы музейлері бірлестігіне қарасты Алматы музейінің құнды жәдігерлерінен қазақтың дәстүрлі мәдениетінен сыр шертетін жылжымалы көрме және этнографиялық фотокөрмесін тамашалады.