Жаңалықтар

Қазақ психологиясына 100-жыл

08.12.2017

ҚазҰУ-да Қазақ психологиясының 100-жылдығына арналған «Қазіргі психологиялық ғылым мен тәжірибенің даму үрдістері және болашағы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция және Қазақ психология қоғамының I Құрылтай съезі өтті.

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлтымыздың түп тамырына оралу мәселесін көтере отырып, басқа да гуманитарлық ғылымдар арасында психология ғылымын ерекше атап өткен болатын. Қазақ халқының этногенезінде ұлы дала жан ілімі «психология» деп аталмағанымен, бұл туралы ғұламаларымыздың ой-пікірлері, ұлттық тәрбие мен тылсым дүниені түсінуде ата-бабамыздың рухани құндылықтары ілгері гуманистік үлгіде қалыптасқанын байқауға болады.

Қазіргі кезде психология ғылымы мен практикасы адам өмірінің барлық саласына еніп, келеңсіз әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешуде негізгі күшке ие. Осы тұрғыда шараға қатысушылар қазақ психология ғылымының ұлтымыздың этногенезіне қосқан үлесіне көз жүгірте отырып, психология ғылымының дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбектері аталып, болашақта атқарылатын ауқымды істер талқыға салынды.

Сондай-ақ шара аясында қазақтың белгілі психологы, психология және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаевтың 90 жылдық мерейтойы да аталып өтті. Отандық психология ғылымының өркендеп дамуына 70-жылға жуық қызмет етіп келе жатқан, қазақ психологиясының жарқын тұлғасы Құбығұл Жарықбаевтың психология бағытында жазылған оқулықтары мен оқу құралдары, монографиялары жетерлік. Атап айтсақ «Жантану атауларынын түсіндірме сөздігі», «Психология негіздері», «Қазақ тәлім- тәрбиесі», «Жалпы психология» сынды оқулықтар талай жылдардан бері қазақ психология саласында бағыт-бағдар мен көмекші құралға айналды. 90-ға келсе де жүзінен нұры, бойынан күш-қуаты кетпеген абыз ақсақалдың ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі қашан да мол болып қала береді.

Баспасөз қызметі