Жаңалықтар

Дизайн түйткілдері талқыланды

03.01.2018

Дизайн түйткілдері талқыланды

Ғылым мен білімге негізделген қазіргі ақпарат заманында көркем суретке деген көзқарас түбірімен өзгерді. Кенептің мықтысын іздейтін қылқалам шеберлері бүгінде компьютерге көз тіге бастады, өнер мен өндірісті ұштастыратын  дизайн кәсібі өмірге келді. Журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы өміріміздегі  осынау жаңа үрдістің көкейтесті мәселереін жан-жақты қарастыру мақсатында жуырда «Ұлттық дизайн: түткілдер мен түйіндер» атты Дөңгелек өткізді. Алқалы басқосуда еліміздің дизайнер-суретшілері мен мамандар, ғалымдар  бас қосты. Факультет деканы Сағатбек Медеубек жүргізіп, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, қылқаламшы дизайнер Нұран Әйімбет, «Қазақ университеті» баспасының дизайнер бөлімінің меңгерушісі Кәмшат Әлмұратқызы, «Әл-Фараби-принт» баспасының дизайнері Мұхтар Бекжан, Қазақстан Суретшілер академиясының мүшесі, ұстаз Бейсенбек Серікбай, жазушы, дизайнер Мүбарак Қойшыбек, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Дәрмен Смайыл және басқа мүдделі тұлғалар қатысқан жиында мамандық болашағының келелі мәселелері қарастырылды.

Қордаланып қалған түйткілдерге тоқталған кафедра меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлы талқыланатын ең басты мәселе мамандықтың оқу мерзімін 4 жылға түсіру, деп атап өтті. Бұл  мамандық бойынша 2010 жылғы ақпанда мемлекеттік лицензия алынған. Онда оқу жылы 4 және 5 жыл деп көрсетілген. Сәулет және құрылыс техникасы бойынша маманданатын университеттер үшін оқу мерзімі 5 жылға есептелген. Ал, халықаралық FIBAA Агенттігі кафедра мамандықтары бойынша жуырда берген қорытындыда «оқу мерзімін қысқарту» қажеттігі атап өтілген. FIBAA сарапшысы, германиялық профессор Ехард Рохолл Еуропада дизайн мамандықтары бойынша студенттер 2-3 жыл оқитындықтарын назар аударған болатын. Осыған орай мамандық бойынша оқу мерзімін 4 жылға түсіру ұсынылып отыр.

Кафедраның аға оқытушы Лариса Мухамадиева  «дизайн» мамандығы бойынша алынған Мемлекеттік лицензия дизайн сияқты көпсалалы мамандықтың бір ғана тармағын қамтитынын атап өтті. Қазіргі таңда дизайнның интерьер дизайны, киім дизайны, графикалық дизайн және басқа көптеген салалары бар. Лицензияның жалпылама болуы осы салаларды толығынан қамтуға кедергі келтіруде. Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы бұқаралық ақпарат құралдары үшін маман кадрлар даярлайтын журналистика факультетінің құрамында болғандықтан, факультеттің оқу бағытына және бағдарламасына сәйкес Жоғары және жоғарыдан кейінгі білім Сыныптамасына «БАҚ дизайны»  («Медиадизайн») мамандықтарын енгізу қажеттігі замана талабынан туындап отыр. Сондай-ақ бұл мамандық Сыныптамаға енгізілген жағдайда мемлекеттік  грант бөлу мәселесі шешімін табуы керек.

Ал, кафедра меңгерушісінің орынбасары Жазира Батырханова кафедраның дизайнер және баспагер ұстаздарының «Өнер» бағыты бойынша доценттік атақ алуы кезек күттірмейтін мәселе болып табылатынын атап көрсетті.  Министрлік ертеректе әзірлеген Ассоциациялы профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарын беру туралы Ереже бүгінгі күн талаптарын ескере бермейді. Себебі, қазіргі таңда Халық суретшісі, Еңбек сіңірген суретші деген атақтар берілмейді, сондай-ақ ондай атақ беретін қоғамдық ұйымдар да жоқ. Сондықтан шығармашылық және педагогтық өтілі жеткілікті ұстаздарға кафедра доцентінің міндетін атқарушы атағын беру қажеттігі дау туғызбайды. Осыған орай аға оқытушылар, еңбегі сіңген ұстаздар  Бейсенбек Серікбайды, Лариса Мухамадиеваны, Қарлығаш Мергенбаеваны  кафедра доценттерінің міндетін атқарушы қызметіне ұсыну қажет. 

«Құзіретті баспагер» орталығының директоры, аға оқытушы  Бейсенбек Серікбай        жалпы факультетке ортақ «Коника Минолта» құрылғысын «Құзіретті баспагер» орталығының да бірлесе пайдалануы қажеттігіне баса тоқталды. Қазір үшінші курс студенттері университеттің фирмалық стиліне қатысты шығармашылық тапсырысты орындау үстінде. Аталған мәселе шешілген жағдайда оқу мен өндіріс арасындағы алшақтықты кемітер едік, деп сөзін түйіндеген ұстаз сондай-ақ оқу үдерісін жақсарту жөніндегі ойларын ортаға салды.  

Дөңгелек үстел жұмысына қатысушылар «дизайн» мамандығының оқу мерзімін 4 жылға түсіру, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім Сыныптамасына «БАҚ дизайны»  («Медиадизайн») мамандықтарын енгізу мәселелері бойынша университеттің Ғылыми кеңесіне, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне тиісті ұсыныстар беру жөнінде ұйғарымға келді.

 Дизайн мамандығы нарықта сұранысқа ие кәсіптер қатарына жатады. Күн санап дамып отырған қазіргі заманғы ақпараттық–коммуникациялық технологияларға негізделетіндіктен, оны жетік игеру үшін көп оқып, іздену қажет. Бүгінде кез келген технология ағылшын тілінде сөйлейтіндіктен, тілді жетік білудің де маңызы артып тұр. Қазақтың «білім-инемен құдық қазғанға барабар», «кәсіп болса-нәсіп болады» деген нақылдары нақ осы дизайн мамандығына арналған секілді. Алайда, қыр-сырына терең үңіліп, толық меңгерген жағдайда бұл мамандық өз қайтарымын еселеп беретінін болашақ кәсіп иелері жадында ұстауға тиіс. Дөңгелек үстел барысында көңілге түйгеніміз осы болды.

 Журналистика факультеті,

баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік

 өнер кафедрасының аға оқытушысы