- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Көшбасшы сертификаты – түлек мүмкіндігі
21.05.2010ҚазҰУ-дың оқудағы және қоғамдық жұмыстағы үздік түлектері “көшбасшы сертификатына” ие болу керек. Бұл сертификат маманның жұмысқа қабылдануы үшін альма-матер тарапынан берілетін негізгі ұсыныс құжаты болмақ. Аталмыш бастама университет әкімшілігі мен студенттер тарапынан қолдау тапты.
Жуырда әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңес залында ректор Бақытжан Жұмағұлов пен белсенді студенттердің дәстүрлі кездесуі өтті. Екі жыл бұрын бастау алған мұндай жыл сайынғы кездесу – жаңа бастамалар мен өзгерістерге себеп болмақ.
Француз философы Камюдың “Әр ұрпақ өзін әлемді қайта өзгертуге қабілеттімін деп есептейді” деген пікірімен баяндамасын тәмамдаған университет басшысына университеттегі студенттер Сенатының төрағасы Асфендияр Күшенова, “Сұңқар” студенттер кәсіподағының төрайымы Арайлым Өмірбекова және Жастар комитеті ұйымының жетекшісі Назира Болдуруковалар бастаған белсенді студенттер атқарған міндеттерінен есеп беріп, студенттердің өмірлеріне жасалған университеттік өзгерістер мен жаңалықтарды, қолдаулар мен жетістіктерді зор қуанышпен мәлім етті.
Кезекті бас қосу “Қазіргі заманғы университеттегі студенттік өзін-өзі басқару дамуының негізгі бағыттары” тақырыбын өзекке ала отырып, өзі-өзі басқару шараларының болашақтағы міндет, жоспарларына көп көңіл бөлді.
Өзінің жастарға қарата айтқан баяндамасында ректор “ең бастысы, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу үшін оқу үдерісін барынша тиімді пайдалану міндеті қойылды. Біз бұл үдерісті түбегейлі өзгертіп, жаңа формаға – оқытудың кредиттік технологиясына толық көштік. Бұл біздің бірегей жетістігіміз болып табылады” дейді. Сонымен қатар, Қазақстандағы өзге де жоғары оқу орындарының өкілдері үшін ҚазҰУ Кэмбридж сияқты әсер қалдыратындығын айтқан университет басшысы мұндай мақтанышты әлі де болса дамыта түсу керектігін пысықтады”. Қазақ ұлттық университеті әлемдегі белгілі он жеті мың университет арасында алты жүзінші орынға ие екен. Жақын арада үш жүз елуінші орынына ие болу керек деген талпыныс бар. Елбасының биылғы жолдауында кемінде екі университет әлемдік жетекші жоғары оқу орындарының рейтингісіне кіруі туралы нақты міндет жүктелгені белгілі. Ал бұл кездесу – ҚазҰУ осы міндетті онды орындауы керек екендігін алға тартты. Белсенді студенттермен арнайы өткен жиынның көтерген тағы бір мәселесі Қазақстандағы ЖОО-да Ұлттық студенттік бюро құрып, орталығын ҚазҰУ-да жасау. Сонымен брге бұл бюро болашақта Еуропалық студенттер одағына, Студенттік Боллон үдерісіне кіруі керек деген талап қойылды. Академик Бақытжан Тұрсынұлы: “мұндай талаптардан шығу төркіні алыс емес, кезінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Еуропа төрінде басшылық етіп отырады деп елестеткендер аз болды. Бірақ ол мақсат бүгінде жүзеге асып отыр ғой. Ендеше Еуропа студенттер бюросының тізгінін ҚазҰУ неге иеленбеске” дей келе, ҚазҰУ студенттерінің алдына: Барлық деңгейде шешім қабылдауда студенттік актив өкілеттілігін және оның қатысу дәрежесіне талдау өткізу, университетті басқаруға барынша көп студенттерді тарту бойынша іс шаралар жоспарын өңдеу; Студенттік бизнес инкубаторды құру туралы мәселелерді жасау; Университетте жастар саясатын таратудың тиімді бағалау жүйесін өңдеу және енгізу; ҚазҰУ студенттер ұйымының студенттер одағының Еуропалық ассоциациясына ену механизмін өңдеу сияқты бірнеше мәселер қойды.
ҚазҰУ-дың жастар ұйымы комитеті 100-ден аса студенттік ұйымның басын біріктіретін орталық. Ендеше студенттерде Еуропалық одақ құрамына енуіне сенім мол. Сонымен бірге ректорға өз көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, ұсыныстарымен бөлісті. Жастар тарапынан айтылған ҚазҰУ қалашығында ғашықтар ескерткішін тұрғызу, жаңа футбол алаңын жасақтау сияқты бірнеше ұсыныстарды университет басшылығы қолдайтындығын жеткізді. Ректор мен студенттердің дәстүрлі кездесуінің қортындысында университеттің өзін-өзі басқаруына ерекше үлес қосқан факультеттер марапатталды. Нәтижесінде “Үздік студенттік кәсіподақ кеңесі” философия және саясаттану факультетіне, “Үздік студенттік мәслихат” биология факультетіне, химия факультетінің №3 жатақханасына “Ең үздік жатақхана кеңесі”, ал университеттегі барлық қоғамдық ұйымдарда ең белсенділік танытқан халықаралық қатынастар факультеті болып тынылды. Екі жақты бас қосу ректорға студенттердің қолынан шыққан шебер сурет туындысы табыс етілді. Бұл кездесу үздік университеттегі ағымдағы оқу жылының аяқталуымен тұспа-тұс келді. Әні-міне дегенше, студенттер сессиясын үздік тапсырып, демалысқа шығып, туған елдеріне жол тартпақ. Алайда олар бұл кездесуде қозғалған бастамалар алдағы оқу жылында толығымен нәтиже беріп, келесі оқу үдерісінде тағы да біршама өзгерістер мен дамулар қарсы алады деген үмітті сенімге жалғап тарасты.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
(727)377-35-20