Атом энергиясының жапондық агенттігінің профессорлары (JAEA) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика факультетінде оқитын студенттерге ядролық энергетика бойынша дәріс оқыды.
Жапон елінен қонақтап келген профессорлар Козо Кавасаки және Тошиюки Танака екі апта бойы ҚазҰУ-дың физика факультетінің студенттеріне арнап дәріс оқыды. Жапон елі ядролық реакторларды шығаруда тәжірибесі мол, сондықтан аталмыш бас қосу болашақ қазақстандық ядролық физиктерге аса құнды болды. Аталмыш шарада ғалымдар ядролық реакторларды шығару жұмыстары мен ядролық физика бойынша алға қойылған талаптарды жүзеге асыру жолдарын талқылады.
Жапон агенттігінің атом энергиясы бойынша өткізген дәрістерінің нәтижесі бойынша факультеттің үздік алты студенті таңдап алынды. Олар жаз бойы Жапонияның Ядролық технологиялар бойынша технологиялық оқу орталығында арнайы дайындық курстарынан өтетін болады (ЯТТО).
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі