Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, Қарулы Күштердің құрметті ардагері, отставкадағы полковник Мамсуров Қазбек ҚазҰУ-дың әскери кафедрасында оқитын әскери журналистерге арналған арнайы дәріс өткізді.
Дәріс барысында полковник студенттерге Қазақстан халықтары Ассамблеясының қызметі, Қазақстан жастарын патриоттыққа тәрбиелеу жөніндегі ардагерлік және қоғамдық ұйымдардың жұмыстарымен таныстырды.
Ұзақ жылдар бойы «Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық газетінің тілшісі болған отставкадағы полковник Қазбек Мамсуров әскери газеттегі тәжірибелерімен бөлісіп, студенттердің өздері таңдаған мамандықтарына қаншалықты қызығушылық танытатындықтарына баса назар аударды.
Ардагер болашақ әскери журналистерге: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ біздің мемлекетіміздің жоғары білім берудегі көшбасшы университеті болғандықтан, сіздер сенім артқан жастарымыз Қазақстан патриоттарының азаматтық ұстанымдарын берік ұстанып, жаңа білім алуда белсенділік танытуларыңыз қажет», - деп атап өтті.
Аудитория тарапынан тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөнінде тәжірибесі мол, кәнігі маманға сан түрлі сауалдар қойылды.
Дәріс соңында полковник Қазбек Мамсуров әскери кафедраға және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасының базасында құрылған «Сарбаз» газетінің тілшілер пунктіне «Сарбаз» газетінің редакторы Сапарғали Жағипаровтың «Память сердца» атты кітабын және «Сарбаз» газетінің ең алғашқы нөмірінің көшірмесін сыйға тартты.
Әскери кафедра


