ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің қиыр шығыс кафедрасы мен медициналық факультет – қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің Биомедстатистика және дәлелді медицина кафедрасы бірлесіп, Жапонияның Кочи университетімен ( Kochi University) академиялық ынтымақтастық туралы келісімшарт жасауға бастама көтерді.
Кочи префектурасының Ұлттық Университетінде 6 бакалавриат және 8 магистратура, 3 докторлық бағдарлама бар. Университеттің ең маңызды бағыттарының бірі медицина мектебінің жұмысы болып табылады. Бұл мектеп 1976 жылы ашылған және Кочи префектурасындағы жоғары медициналық білім беретін жалғыз мекеме саналады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина мамандығында оқып жатқан үлгерімдері жоғары және белсенді студенттер аталмыш университеттің медицина мектебінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жапонтанушы студенттер ынтымақтастықтың пәнаралық негізінде тілдік тағылымдамадан және өндірістік тәжірибеден өте алады.
Сонымен қатар, Кочи Ұлттық университеті Жапония Үкіметінің гранттық бағдарламаларына қатысқатындықтан, ҚазҰУ студенттері үшін шәкіртақы тағайындауды уәде еткендігін атап өткен жөн. Біліммен сусындап, ғылым шыңын бағындырам деушілерге жапонияға жол ашық.
Қиыр шығыс кафедрасы