Жаңалықтар

Бәрі де сіздер үшін – арулар, асыл жандар!

09.03.2018

ҚазҰУ-дың ер-азаматтары көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз мейрамымен университеттің барша әйелдер қауымын құттықтады!

Барша табиғат оянып, осынау бір әлем түрленер шақ пен тұспа-тұс келетін 8-наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында, ҚазҰУ жігіттері нәзік жанды аруларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында «Бәрі де сіздер үшін» атты мерекелік концертін ұсынды. Университет ректоры Ғалым Мұтанұлының бастамасымен сегізінші рет жүзеге асырылып отырған биылғы концерттің ерекшелігі, жігіттердің өнерлеріне берілетін бағаны, залдағы көрерменнің қошеметін анықтайтын арнайы «шумомер» құрылғысының жұмысы арқылы анықталып бағаланды. Мерекелік концерт ҚазҰУ ректорының жүрекжарды құттықтау сөзімен басталды. «Барша нәзік жандарды 8 наурыз мерекесімен құттықтаймыз! Көктемнің алғашқы мерекесі баршаларыңызға тек жақсылық әкелсін. Біздің ҚазҰУ ұжымының басым көпшілігін нәзік жандылар құрайды, әрқашанда тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен атқарып, ұжымның береке-бірлігін келтіріп отырған осы әйелдер қауымы. Сіздер барда қоғам да, мемлекет те бақытты болары ақиқат», - деді Ғалым Мұтанов.

Аталмыш концертте Ғалым Мұтановтың сөзіне жазылған Владимир Питерцевтың әні "Жүрек жылуы" және "Сұлулық" атты жаңа әндердің тұсауы кесіліп, көпшілік қауымға ұсынылды. Кафедра меңгерушілері Сұлтан Тулеуханов, Берекет Карибаев, Болат Абенов, Дінмұхамет Карпыков әйгілі ән әлемінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» атты әнімен кешті жалғастырды. Философия және политология факультетінің профессоры, ақын, ҚазҰУ-дың ақсақалдар кеңесінің мүшесі Михаил Пузиков «Ты только меня разбуди» атты жүректен шыққан өлең шумақтарын оқып көпшіліктің қошеметіне бөленді. Республика бойынша жыр айтатын жыршылардың саны төртеу болса, солардың бірі ҚазҰУ-дың Агробио лабораториясында қызмет жасайтын Жетес Жамеков адам баласының санасы мен жан-дүниесін ерекше тербеп, бөлек бір ғажап күйге бөлейтін қобыздың үнімен көпшілікті өз өнерімен сүйсіндірді. Сонымен қатар құқықтық жұмыс және әскери-жұмылдыруды қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бахтияр Құрманалиев, ҚазҰУ-дың диагностикалық орталығының директоры Эрнест Қалиев пен имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Дәурен Дюсебаев «Певица и саксофон» әнін шырқаса, ұстаздар мен университет қызметкерлері Талғат Абишов, Бекжан Мейірбаев, Мадияр Үмбетов пен бірге Сосо Павлиашвилидің «Небо на ладони» атты әнін жиналған қауым қосыла шырқады. Мерекелік концертке ҚазҰУ-дың ер-азаматтары ерекше дайындалғанын аңғаруға болады, өйткені сахналық қойылым, декорация, образға сай киіну, барлығы да бір-бірінен асып түсті. Солардың ішінде филология және әлем тілдері факультетінің аға оқытушысы Төлеген Меркібаевтің италия тілінде шырқаған әсем әні, жиналған қауымды ғашықтардың мекені атанып кеткен Венеция қаласына апарғандай әсер қалдырды. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, нәзік жанды аруларымыздың көңіл-күйінің көтеріңкі болуы үшін бар өнерлерін ортаға салған, дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушылары «Біздің жігіттер» әнін шырқап ерекшеленді. Сондай-ақ «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұқамбетқали Бүркітбаев, ректор кеңесшісі Естаев Әмірхан мен ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов және де оқу- ісі жөніндегі проректор Асқар Хикметов твист биін билеп концерт көркін қыздыра түсті.

Бүгінгі ерке қыз-ол ертеңгі бір үйдің түтінін түтетіп, берекесін келтіріп отырар ару ана, келешек ұрпағына үлгі болар ақ жаулықты әже. Иә, қыз баласы бүкіл әлемді ұстап тұрғандай, оның бойындағы сұлулық пен нәзіктіктен бастап, қайтпас қайсарлық, бауыр еті баласы үшін тіпті керек болса алмағайып заманда ат үстіне қонып елі мен жері үшін күресуге дайын ару аналар қазақ тарихында баршылық. «Алып анадан туады» демекші барлығымыздың бастау бұлағымыз ол-ана. Жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушылары Аманжол Бисенбаев, Дастан Ахметжанов пен Марат Амиркановпен қаншама жылдар жылжып, заман өзгерсе де өз бояуы мен өз құндылығын жоғалтпаған Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» атты әнін барша жиналған қауым қосыла шырқады.

Кеш соңында «шумомер» құрылғысы бойынша ең көп ұпай жинаған «Біздің жігіттер» әнімен оқ бойы озық шыққан дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушылары «көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы, факультет декандары мен олардың орынбасарлары, проректорлар мен бөлім басшылары түрлі кейіпке еніп, сері жігіттер би билеп, әннен шашу шашқан шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесіне арнайы дайындалған мерекелік концерті, биыл да жоғары деңгеймен есте қалды.

 

 

Баспасөз қызметі