ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадовпен кездесті.
Аталмыш кездесуге Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Абилфас Хамедов пен Алматы қаласы бойынша Әзірбайжан елшілігінің өкілі Рамил Ризаев қатысты.
Кездесу барысында тараптар бірлескен оқу бағдарламалары мен мамандардың және профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Қонақтарды қарсы алған ректор Ғалым Мұтанов Қазақстан мен Әзірбайжан елдерінің тамыры бір түркі халқы екенін және мәдени, тарихи құндылықтарымыздың ортақтығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ректор «Азаматтарды мейірімді қоғамға қалыптастыру» атты жоба туралы сөз қозғап, аталмыш жобаның мақсаты жас ұрпақтың санасына бейбітшілік, жақсылық пен әділеттілік ұғымын жеткізу. Және де университетімізде жыл сайынғы дәстүрлі түрде өтетін «Халықаралық Фараби оқулары» саяси, әлеуметтік мәселелер және басқа да әр түрлі қоғам дамуына бағытталған өзекті мәселелер алаңына айналғанын айтты.
Өз кезегінде Әзірбайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов жылы шырайлы қабылдауға өз алғысын білдіре отырып, Әзірбайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдық мерекесін тойлау аясындағы жұмыстардың іске асырылуын егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ ҚазҰУ базасында ғылыми-білім беру орталығын ашуды ұсынды.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бүкіл түркі халықтарына маңызды аталмыш мерейтоймен құттықтай отырып, алдағы уақытта бірлескен жұмыстарға дайын екенін айтты.
Баспасөз қызметі