Жаңалықтар

Қазақ фотоэнциклопедиясының тұсауы кесілді

15.03.2018

Журналистика факультетінде «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедияның тұсаукесері өтті. Тың туынды қоғам санасын фото арқылы мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа, эстетикалық талаптарға жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығын және ұлттық фотоөнер тарихын жан-жақты баяндайды.

Кітапты жарыққа шығаруға ат салысқан ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов фотоэнциклопедияның алғы сөзінде: «Бүгінгі технологиялық-өнеркәсіптік төңкерістер заманында фотоөнердің де өз даму биігі бар. Сол биікті меңгеруге аталмыш оқу құралы өз септігін тигізетініне сенім мол», – деп жазады.

Шарада журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы: «Көрінгеннің бәрін түсіре беру фотоөнерге жатпайды. Фотоаппараттың көзімен ұлтқа қажет, ұрпаққа қажет, тарихқа қажет дүниелерді түсіріп, тарихқа таңбалау – шындығында шеберлердің шеберлерінің ісі. Осындай үлкен істі бір кездері біздің университеттің журналистика факультеті жанынан құрылған «Фотопублицистер» клубы қолға алған еді. Ол кейіннен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіне айналды. Оның басында жүрген Асылхан Әбдірайымұлы ұстаздарыңыз. Осыған дейін де қазақ фотөнеріне қатысты еңбек шыққан. Бүгін екінші шығарылымы бұрынғыға кірмеген 21 фотографтың еңбегімен толықты. Бұл кітаптың ішінде Қазақстан тарихына деген ең таңдаулы, ең әсерлі, ең ықпалды, санаға да, сезімге де әсер ететін бейнелер түсірілген. Бүгінгі шарада кешегі қазақ фотоөнерінің абыздары Нұрманбет Қизатұлынан бастап, бүгінгі ең жасы Досжан Балабекұлына дейін қатысып отыр», – деп қазақ фотоөнерінің кешегісі мен бүгініне тоқталды.

Журналистика факультеті деканы Сағатбек Медеубекұлының алғы сөзінен кейін хронодокументалист, фотожурналист  Мұрат Мәмбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, фотожурналист Асылхан Әбдірайымдар кітаптың тұсауын кесті.

Шарада ардагер ұстаздар Кәкен Қамзин, Қожаберген Ахметов, «Қазақ университеті» баспасының қызметкері Сәуле Серікбаева, факультет оқытушылары Қосылған Әбжанов, Аманқос Мектептегі, журналист әрі жас фотожурналист Досжан Балабекұлы қазақ фотоөнеріне тоқталып, оның майталмандарына алғыс білдірді.

Фотоэнциклопедияның құрастырушы-авторы Асылхан Әбдірайымұлы: «Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың фотография өнерімен айналысқандығын бүгінгілер біле де бермеуі мүмкін. Қазақ фотоөнері тарихы үшін   Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы Ескендірдің фотографиямен айналысуына себеп болғандығы да тың дерек. Демек, Алаш зиялыларының да заманауи технологиялық жаңалыққа іңкәр көңілмен қарап, ұлт ұрпақтарының да бұл өнерді игергендігін мұрат еткендігі – алаштанушылар үшін көңіл аударарлық ақиқат», – дейді.

Зиялы қауымның да Ахаң бастаған дәстүрді жалғастырғанын білеміз. Мысалы, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов түсірген фотолар негізінен өз заманының тарихи тұлғаларын бейнелейді. Әзілхан аға Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділдә Тәжібаев, Әлкей Марғұлан, Әди Шәріпов, Шыңғыс Айтматов, Роза Бағланова, Олжас Сүлейменов тұлғаларын өмірдің қайталанбас сәттерінде түсірген. Фотолардан сол заманның тыныс-тіршілігін анық аңғарасыз. Бұл мұралар сонысымен құнды.

Әр фотодан ұлт тарихына қатысты айғақтарды көреміз. Мемлекетіміздің даму үдерісінен дерек табамыз. Қоғамдық өмірдің сан саласынан түсірілген фоторепортаждар ақпараттық сипатымен тартымды. Мәңгілік ел мекені –Ұлы даламыздың сұлу табиғатынан түсірілген этюдтер эстетикалық ләззат сыйлайды. Қарапайым адамдар тіршілігін бейнелеген фотолар да шыншылдығымен қызықты. Әдетте, қарапайым халық фотоға қарағанмен, оны кімнің түсіргеніне мән бере бермейді. Сол себептен де фотографтардың есімі қалтарыста қалып қояды. Ел көзіне көп еленбесе де еңбегі тарихта тайға таңба басқандай айқын қалған фотографтар туралы деректер де аса маңызды. Қасымбек Нұрбекұлы, Жақсылық Тұрлыбеков, Мұрат Мәмбетов, Берсінбек Сәрсенов, Талғатбек Асанов, Шүкір    Шахай, Болат Омаралиев, Амангелді Мутигуллин, т.б көптеген фотоөнер майталмандарын осы альбомнан тануға болады.

 

 

 

Баспасөз және электоронды БАҚ 

кафедрасының аға оқытушысы