Жаңалықтар

Философия докторларының (PhD) диссертациясы ашық түрде қорғалатын болды

11.06.2010

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2010 жылғы PhD докторларының түлектері «философия докторы» академиялық дәрежесі бойынша диссертацияны ашық түрде қорғайтын болады.

Биылғы ҚазҰУ-ды бітіретін PhD докторларының ішінде шетелдік азаматтар да бар, соның ішінде - Мысыр Араб Республикасынан Мұхаммед Бакр Хусам Әлдин («радиациялық экология, радиобиология, радиохимия» оқу бағдарламасы бойынша), Мұса Мұхаммед Медхат («қолданбалы математика» бағдарламасы бойынша), Әл Шазли Мұхаммед Аббас Дорайя және Ханнора Ахмед Әл-Сайед Раджаб («Жану үдерісінің химиялық физикасы» оқу бағдарламасы бойынша).

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторларының диссертациялық еңбектерін қорғау жұмысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сай жауап береді. PhD докторанттары ғылыми жұмыстарын Мемлекеттік аттестациялық комиссияның алдында қорғайтын болады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің тағайындауымен комиссия құрамында 12 ғылым докторлары және комиссия төрағалары бар. Сондай-ақ, қорғауға ҒЗИ және зерттеу орталықтарының директорлары, мәдени орталықтардың өкілдері, ірі компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары шақырылды.

Қорғауда қойылған басты талап ғылыми жұмыстар шетелдік ғылыми басылымда жариялануы тиіс. Сондай-ақ, философ докторларына қойылған халықаралық стандарттарға жауап беретіндігін мәлімдейтін шетелдік ғылыми жетекшінің пікірі болуы керек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – республиканың ірі білім және ғылым орталығы, ҚР-дың көпсалалы университеттер рейтингі бойынша көшбасшы оқу ордасы. ҚазҰУ Қазақстанның жетекші классикалық университеті ретінде жоғары кәсібилік пен білім және ғылым саласының инновациялық дамуына бастайтын көшбасшы. PhD докторларын дайындау оқу ордасында 2005 жылдан бастау алады. Отандық философ докторларын дайындауда мемлекеттің беделді ғалымдары, ғылым докторлары, Еуропа, Солтүстік Америка, Жапония және ТМД елдерінің ғылыми орталықтары мен оқу ордаларының ғылыми жетекшілері бірлесіп еңбек етті. Барлық докторанттар отандық және шетелдік ғылыми жетекшілерінің қолдауымен дүние жүзінің беделді оқу ордаларында сынақ мерзімінен өтуге мүмкіндіктері бар. Мәселен, Лондон университеті (Ұлыбритания), Колумбия университеті (АҚШ), Лун университеті (Швеция), Пьер және Мари Кюри университеті (Франция), Вена университеті (Австрия), Йокогама университеті (Жапония), М.В. Ломоносов атындағы ММУ (РФ) және т.б.

2010 жылдың 12 маусымда, сағ. 14.00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика факультетінде (Төле би к., 96) Ержан Тауырбаев «Влияние наноструктурирования на оптоэлектронные свойства слоев кристаллического и аморфного кремния» тақырыбында диссертациясын қорғайды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727) 377 35 20