Жаңалықтар

ҚазҰУ-дың химия факультеті жылдың үздігі атанды

22.06.2010

Биылғы жылдың нәтижесі бойынша «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік факультеті» байқауының жеңімпазы химия факультеті атанды. Бұл жөнінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде өткен отырыста жарияланды.

ЖОО-ның көшбасшысы қарашаңырақ ҚазҰУ-дың аталмыш байқауды ұйымдастырудағы басты мақсаты – Елбасының талабы бойынша отандық білім беру саласында білікті де бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау және қазақстандық жоғары оқу ордаларының әлем рейтингіне кіруін қадағалау.

ҚазҰУ ұжымы университеттің бәсекеге қабілеттілігі тек профессорлар мен оқытушылардың кәсіби шеберліктеріне ғана емес, сондай-ақ, заман талабына сай халықаралық стандарттарға жауап беретіндігін түсінуде деп санайды.

- «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік факультеті» байқауын екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырмыз. Осы дәстүрлі шараның арқасында ҚазҰУ-да бәсекелестік орнады. Бұл факультеттер жұмысын сапаландыра түседі, әрі кәсіби шеберліктерін шыңдайды, - дейді университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов.

Оқу жылы аясында факультеттерде оқу және әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстары үздіксіз жаңарып отырады. Олар халықаралық әріптестікті нығайтып, тұрақты имиджін қалыптастырады, әрі оқу ғимараттары мен студенттік жатақханаларды қадағалайды. Сондай-ақ, тәрбие жұмысы және еңбек қызметіне атсалысып жүрген факультет оқытушыларының жұмыстары үнемі бағаланады.

«ҚазҰУ-дың үздік факультеті -2010» байқауында профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың жетекшілігімен қызмет етіп келе жатқан химия факультеті үздік атанды. Жеңімпаздар университет ректорының Құрмет грамотасы және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Екінші орынды биология факультеті, ал үшінші орынды шығыстану факультеті иемденді.

Университет ғылыми кеңесінің пайымдауынша, химия факультеті әр салада да жоғары көрсеткішке байқатқан. Мәселен, нанотехнология саласы бойынша ұсынылған 14 байқау жұмысының 7-уін ҚазҰУ-дың химия факультеті жеңіп алған. Факультетте оқу жұмысы, әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстары бойынша белсенділік өте жоғары деңгейде, сонымен қатар халықаралық әріптестік нығайып өзіндік беделдің қалыптасуы бар.

ҚазҰУ-дың үздік факультеті байқауында екінші орынды биология факультеті ал үшінші орынды шығыстану факультеті иемденді.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, байқау нәтижесін қортындылау кезінде факультеттердің оқу ғимараттары мен студенттік жатақханаларының да жағдайы ескерілген. Сонымени бірге, еңбек жұмыстарын орындау мен жауапкершілік деңгейі де назардан тыс қалмаған.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі