Жаңалықтар

Жапон тілінде шешендік өнер сайсысы өтті

25.06.2010

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жапонтану кафедрасының ұйымдастыруымен ХІV Орта-азиялық жапон тілндегі шешендік өнер сайысы өтті. Байқауға ҚР-дағы Жапония елшілігі мен қазақстандық жапон тілі оқытушыларының қауымдастығы қолдау көрсетті.

Байқауға Жапония елшілігінің Алматы қаласындағы өкілеттілігінің басшысы, кеңесші Масахиро Катамото, қазақ-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының директоры Митома Эйтаро, Қазақстандағы Жапон қауымдастығының төрағасы Сайто Хираказу, Алматы қаласындағы жапон сауда-өндіріс қоғамдастығының төрағасы Сибата мырза, шығыстану факультетінің деканы профессор Нұржамал Алдабек бастаған жапонтану факультетінің оқытушылар тобы қатысты.

Сайыс бағдарламасына қатысу үшін жапон тілін жетік меңгерген Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарынан үздік студенттер келді. Байқауға қатысқан 18 сайыскерлердің ішінде 5 студент еліміздің намысын қорғаса, оның екеуі ҚазҰУ-дың 3-курс студенттері А. Рүстемова и А. Рахменова жапонтану кафедрасында білім алып жүр. Басқа сайыскерлер Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келді.

Сайыста қарастырған тақырыптар: өмірдің мәні, мамандық таңдау, қазақстандықтар ядролық сынақтарға қарсы, жетім балаларды заңсыз шетелге алып кету, Жапонияның дәстүрлі мәдениеті, аниме арқылы жапон елінің мәдениетімен таныстыру, Шығыс елдерінің жауынгерлік өнері. Шешен талқыланатын тақырыбын жақсы білуі тиіс. Осы жолғы сайыстың тақырыбы Жапонияның кешегі және бүгінгі экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайына және ХХІ ғасырда жаһандық интеграцияның үдерісіне байланысты болды.

Нәтижесінде А. Рустемова (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) жеңімпаз атанса, 2-орынды - У. Низомов (Ташкент мемлекеттік шығыстану факультеті), 3-орынды – Б. Матякубов (Самарқанд мемелекеттік шетел тілдері институты), 4-орынды – Э. Исабекова (Бішкек гумантитарлық университеті), 5-орынды – М. Кучкоров (Ташкент мемлекеттік заң университеті), 6-орынды – М. Комилова (Тәжік мемлекеттік тілдер институты) иеленді.

Ортаазиялық шешендік өнер байқауының жеңімпаздары ҚР-дағы Жапония Елшілігі ұсынған дипломдар мен құндық сыйлықтармен марапатталды.

Жапон тіліндегі шешендік өнер байқауын өткізуде саяси, мәдени, ғылыми мән-мағына бар дейді ұйымдастырушылар. Ал студенттер қауымы болса өз кезегінде байқауға қатыса отырып, бойында өз-өзіне деген сенімділікті дамытып, ойларын еркін және оңай жеткізуге үйреніп, сауатты, түсінікті сөйлеп, жапондықтармен еркін араласып, дауыс ырғағы мен сөз көркемдігін меңгеріп, стилистикалық және логикалық тұрғыдан ойын нақты жеткізуге үйренді.

Сонымен қатар байқау жапон тілін оқыту мен оқу деңгейін көтеріп, елімізде оның сұранысқа ие болып, кең таралуына әсер етеді және Қазақстан мен Жапония, Орталық Азия елдерімен достық қарым-қатынастың нығаюына ықпалын тигізбек.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі