Жаңалықтар

Мұхит арқылы жүргізілген PR-көпірлер

27.06.2010

Маусым айының соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне іс-сапармен АҚШ-тың Ұлттық коммуникация қауымдастығының (NCA) үйлестірушісі Сергей Самойленко келіп қайтты.

Байланыс саласындағы белгілі америкалық маман университетпен таныстығын ҚазҰУ-дың Тарих мұражайынан бастады. Ол өзінің алған әсерін университеттің Құрметті қонақтар кітабында: «Мұражайларыңызды қуана-қуана араладым. Әлемдік деңгейдегі ғаламат жоба»,- деген қолтаңбасын қалдырды.

NSA өкілімен кездесудегі басты такырып АҚШ-тың Ұлттық коммуникация қауымдастығының (NCA) ұйымдастыруымен «Көпірлер орнату - 2010» атты жыл сайынғы конвенциясына қатысу болды. Конвенция биылғы жылдың қараша айында Сан-Францискода (Калифорния, АҚШ) өтеді. Сергей Самойленко бұл үлкен және маңызды форумда Қазақстанның PR-мамандарының қатысуына қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Ол сонымен қатар біздің профессорлар – Сәуле Барлыбаева мен Бағилә Ахатоваға да конвенцияның ұйымдастыру комитетінен шақыру жіберілгендігін айтты. Бұл Қазақстан үшін үлкен ілгерілеу дейді С. Самойленко.

Қазақстандық PR-мамандар үшін алдағы NSA конвенциясы - елімізде бесжылдық үзілістен кейін «Қоғаммен байланыс» мамандығы биыл қайтадан ашылғандықтан маңызды болмақ. Қазақстандық PR-қауымдастығының теоретиктері мен тәжірибеде жүрген мамандардың консолидациясы мен Қазақстан және басқа елдердің пиар-мамандары арасындағы іскерлік көпірлердің пайда болуы PR-білім беру мен жалпы осы саланың дамуына әсер етеді.

Маусым айының ортасында Алматыда ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Советник» (Ресей) журналының қолдауымен Қазақстандағы PR-білім берудің даму жоспарлары талқыланған дөңгелек «үстел өтті». Отырыс тақырыбы «Қазаұстандағы PR-білім беру. 2010 жыл: мамандық қайтып оралды. Әрі қарай не болмақ?». Ресейлік журналдың Қазақстандағы өкілі Владимир Павленко хабарлағандай, отандық PR-мамандардың баяндамалары жыл сайын өтетін АҚШ-тың Ұлттық коммуникация қауымдастығының (NCA) конвенция қатысушыларына Қазақстандағы қоғаммен байланыстың дамуы жөніндегі арнайы сюжетінде көрсетілетін болады.

Сергей Самойленко Канзас штатының Мемлекеттік университетінің бұқара коммуникация және журналистика факультетінің қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы бола тұра, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің басшылығы және оқытушыларымен бас қосып, университеттің қоғамдық бірлестіктерінің көшбасшылары үшін шеберлік дәрістерін өткізді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі