- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Фараби оқулары басталды
03.04.2018ҚазҰУ-да V Халықаралық Фараби оқулары өз жұмысын бастады. 2014 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әр түрлі бағыттағы өзекті ғылыми, саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылайтын ашық алаң ретінде Халықаралық Фараби оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі таңда адамзаттың «Екінші ұстазы» атанған ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасына деген үлкен қызығушылық бүкіл әлемде толассыз артып келеді. «Фараби оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы – әл-Фараби мұралары мен оның заманауи қоғам дамуындағы рухани, тарихи философиялық және дәстүр мен ғылыми негіздерінің сабақтастықтарын, ғылым мен білім берудің интеграциясын қамтамасыз етуді, университеттердің инновациялық ғылыми-білім беру үдерісін жетілдіруді зерттейтін отандық және шетелдік ғалымдарды біріктіруге арналған.
Сөз алған ҚазҰУ ректоры «Фараби оқуларын өткізу – біздің жыл сайынғы міндетіміз. Ғұлама ғалымның ілімін жалғастыру арқылы біз білімді, рухани байлығы мол, бәсекеге қабілетті жаһанданған жаңа заман талаптарына сай қоғамды қалыптастырамыз. Ұлы ойшылдың мұрасы 1150 жылға жуық уақыт өтсе де өз мәнін жоймай жылдан жылға жаңарып келеді. Сондықтан да биылғы V Халықаралық Фараби оқулары қазіргі заманғы ғылым мен білімнің дамуына, адамзаттың көрнекті ойшылы Абу Наср әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасын өзектендіруге тікелей ықпал ететініне сенеміз», -деді Ғалым Мұтанов.
Ғылым мерекесінің ауқымды іс-шарасы Халықаралық Фараби форумы философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың идеяларын насихаттауға, заманауи Қазақстан қоғамының рухани-адамгершілік және интеллектуалды мәдениетін дамытуға, ойшыл мұраларын елімізде және алыс‐жақын шет елдерде танытуға бағытталған.
Ғылыми форум қатысушылары ғылым мен білім берудің интеграциясы, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және интеллектуалды мәдениетін өркендету, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жарқын қоғам құру тұрғысындағы Қазақстан-2050 Стратегиясының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқыға салады.
Он күнге жалғасатын оқулар шеңберінде 3-4 сәуірде «Әл-Фараби және қазіргі заман» V Халықаралық Фараби форумы, 4-13 сәуірде факультеттердің халықаралық ғылыми жиындары, 9-12 сәуір аралығында «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтетін болады.
Баспасөз қызметі