Жаңалықтар

Алматы қаласы жайлы 100 қызықты дерек жобасы

05.04.2018

ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «U 38» Университеттер Альянсы өлкетанушы-этнографтар клубының бастамасымен «Алматы қаласы жайлы 100 қызықты дерек» атты бірегей жоба бастау алды.

«U 38» Университеттер Альянсы өлкетанушы-этнографтар клубының жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаеваның айтуынша, туған өлкені зерттеу саласындағы маңызды әлеуметтік тәжірибеге жастарды тарту бұл бастаманың негізгі мақсаты. Ол өз сөзінде: «Құрамында тарихшы ғалымдар – археология, өлкетану және этнография салаларының мамандары бар біздің жобаға бүгіннің өзінде бірнеше мың алматылық оқушылар мен студенттер тартылған», - деп атап өтті. «Жастар үшін бұл «оқулық шекарасынан» шынайы өмірге шығуға әрі эмпирикалық жолмен, тарихи-өлкетану және этнографикалық іздеулер арқылы тарихқа әрі қала мәдениетіне «жанасуға» мүмкіндік береді. Мұндай үлгі жастардың жасампаз тәжірибесін байытады сонымен бірге туған өлкенің тарихи мұрасын құнттауға әрі қызығушылықтарын дамытуға септігін тигізеді».

«Алматы – бұл мыңжылдық тарихы бар қайталанбас қала. Бұл жер архитектураның және мәдениеттің бірегей ескерткіштеріне толы және көне әрі қызықты жерлер шоғырланған. Қала шетелдік және отандық саяхатшылардың туризм орталығы болып табылады әрі мұндай жоба Алматының жаңа қырын ашады», - дейді Қазақ спорт және туризм академиясының доценті, экскурсовод О.Г. Лютерович.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті Әлия Исаева өз баяндамасында студент-еріктілер тобының этнографикалық сипаттағы сауалнаманы жүргізу жұмыстары туралы және олардың Алматының археологиялық және тарихи картасын жасауға қатысуы жайлы айтып өтті.

М. Базарбаев атындағы №138 гимназияның 11 сынып оқушысы Дінмұхамед Әлиасқаров Алматы қаласында пайда болған көше, ғимарат атауларының тарихы туралы және атақты тұрғындар жайлы жаңа мағлұматтармен бөлісті. Оқушы айтқандай, мұндай зерттеулер сүйіспеншілікті, құрмет сезімін, патриоттықты оятады әрі жарқын болашаққа деген сенімділікті нығайтады.

Бастау алған жоба қатысушылары қоғамды әрдайым зерттеу барысымен таныстырып отыруды жоспарлауда. Жас өлкетанушылар өздерінің әсерлерімен және жаңалықтарымен әлеуметтік желілерде, соның ішінде интерактивті режимде және басылым беттерінде бөлісетін болады

Жоба қорытындысы негізінде «Алматы қаласы жайлы 100 қызықты дерек» жинағы жарыққа шықпақ, сонымен бірге оңтүстік астананың және оның маңайындағы археологиялық және тарихи ескерткіштердің картасы жасалады.