Жаңалықтар

V халықаралық Фараби оқулары өз мәресіне жетті

13.04.2018

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 3-13 сәуір аралығында өткен дәстүрлі V халықаралық Фараби оқуларының қорытынды жиналысы өтті.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың бастамасымен қатарынан бесінші жыл өткізіліп отырған Фараби оқулары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтті. Конференция атақты ойшыл, Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің философиялық ой-пікірлерін, жазған кітаптарын, бай мұрасын жан-жақты зерделеуге бағытталған. Ерекше айта кетерлігі, Фараби оқуларының ауқымдылығы жыл өткен сайын кеңейіп, шараға шетелдіктердің қызығушылығы артып келеді. Биыл форумның ашылу салтанатына әлемнің 30-дан астам елінен шетелдік ғалымдар келді, сонымен қатар еліміздің ЖОО-лары мен ғылыми мекемелерінің өкілдері қатысты.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Бүгінгі техника мен технология қарыштап дамыған заманда әл-Фараби мұрасы ерекше құндылығымен адамзатқа әсер етуде. Өйткені техника адамдарға керемет мүмкіндіктерді ашқанмен, зиянын да әкелуі мүмкін. Сондықтан сана мен руханияты тепе-теңдікте ұстай білу өте маңызды. Осы тұрғыдан келгенде әл-Фараби барша адамзатқа сананың ең биік қозғаушы күші руханият пен адамгершілік болуы керектігін, олай болмаған күнде әлем жаһандық апатқа ұшырап, бар құндылығымыздан айырылып қалуымыз мүмкін екендігін айтқан екен. Демек, әл-Фараби мұрасы жас ұрпақты білім мен адамгершілік ұғымын қатар алып жүруге шақырады», – деп атап өтті.

Халықаралық форум аясында 17 ірі халықаралық шаралар, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар мен инновациялық жобалардың байқауы өтті. Қорытынды жиналыста студенттер мен жас ғалымдарға арналған «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференция туралы Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Серік Мұхамбетжанов баяндама жасады. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келе жатқан студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық конференциясына 6325-ге жуық студенттер мен жас ғалымдар қатысқан. Олардың ішінде 583 қатысушы еліміздің ЖОО-ларынан болса, 301 қатысушы алыс-жақын шетелдерден келген, атап айтар болсақ, Нидерланды, АҚШ, Корея, Қытай, Ресей, т.б.

«Фараби әлемі» аясында факультеттерде 117 секция жұмыс жасап, 191-ге жуық дөңгелек үстелдер мен ғылыми семинарлар өтті. Ал жас ғалымдар байқауына 72 инновациялық жоба ұсынылып, жүзден жүйрік мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Солардың ішінде ерекше атап өтетін инновациялық жоба – механика-математика факультеті студенттері құрастырған «Гуманоид-робот», яғни әмбебап робот көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Адамға тән іс-қимылдардың барлығын жасай алатын «Гумоноид-робот» болашақта ҚазҰУ-дың «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында қызметкерлермен бірге студенттердің сұрақтарына жауап беретін болады.

Сондай-ақ жиында V халықаралық Фараби оқулары бойынша есеп берген факультет декандары мен жауапты тұлғалардың  баяндамалары тыңдалды.

Фараби оқулары аясында өткен ірі шаралардың бірі – Оңтүстікте тұрақты даму үшін ғылым мен технология бойынша комиссиясының («COMSATS») XXI-ші отырысы. Аталмыш халықаралық үкіметаралық ұйым кеңесінің отырысы Қазақстанда және посткеңестік кеңістікте алғаш рет өткізілді. ҚазҰУ 2015 жылдан бері аталмыш халықаралық ұйымның ТМД-дағы жалғыз мүшесі болып табылады.

Ұлы ойшылдың 1150 жылдық мерейтойын 2020 жылы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуді мақсат етіп отырған ҚазҰУ әл-Фараби мұрасын зерттеу бойынша Фараби оқулары атты аса ауқымды шараны атқарып отыр. Одан бөлек ғалымның кітаптары жарық көріп, мұражай ашылды, сондай-ақ «Al-Farabi university smart sity» жобасы жүзеге асырылуда. Әлемнің екінші ұстазы атанған дара да дана тұлға әл-Фараби мұрасы жылдар жылжып, заман қанша өзгеріске ұшыраса да өзінің өзектілігін ешқашан жоғалпақ емес.

Баспасөз қызметі