- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ардагерлерге құрмет көрсетілді
04.05.2018Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚазҰУ-да Ұлы Отан соғысына қатысушылар, еңбек майданы ардагерлері мен Ақсақалдар кеңесі мүшелеріне арнайы құрмет көрсетілді.
Сөз алған бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев ҚазҰУ-дың әлемдік аренадағы көшбасшылық орнының нығайа түскендігі жайлы айтып, «ҚазҰУ 2020 жылға дейін БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының ғаламдық хабына жетекшілік ететін болды. Бұл шешім университеттің тұрақты даму саласындағы табысты басшылық қызметінің қорытындысы негізінде Біріккен ұлттар ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде қабылданды. 2014 жылдан бері ғаламдық хабты басқарып келе жатқан ҚазҰУ жұмысына БҰҰ жоғары баға берді»,- деді проректор.
Жалпы ҚазҰУ-дың Ақсақалдар кеңесіне зияткерлік және білім беру деңгейін арттыруға айрықша еңбек сіңірген, оқу орнының ғылым, мәдениет және рухани мүмкіндігінің дамуына зор үлес қосқан тәжірибесі мол беделді ғалымдар кіреді. Оқу орнындағы әр кезгі басқосуда ақсақалдар кеңесі білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің жетілдіру жолдары, инфрақұрылымдық дамудың инвестициялық жобалары жайлы арнайы кеңестер өткізіп тұрады.
Шара аясында ғылымға еңбек сіңірген қайраткерлер – ҚР ҰҒА академиктері Сұлтан Сартаев, Арықбай Ағыбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зұлхайыр Мансұров, тарих ғылымдарының докторы Уахит Шәлекенов, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Арещенко және басқа да ақсақалдар оқу орнындағы жағымды өзгерістерді тілге тиек етіп, университеттің даму стратегиясын қолдап, батасын берді. Ақсақалдар, әсіресе, QS рейтингінде ҚазҰУ-дің әлемнің үздік 200-топ университеті қатарына енуін жоғары бағалап, университеттің Орталық Азия мен ТМД-дағы алдыңғы қатарда тұрғандығын атап өтті. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мойындалған халықаралық беделге ие, әлемнің мыңдаған университеттері рейтингіндегі оның жоғары көрсеткіші еліміз үшін үлкен жетістік болып саналады. Бұл – Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына ену мақсатын жүзеге асыруға және «Мәңгілік Ел» құруға қосқан университеттің нақты үлесі», – деді академик Сұлтан Сартаев.
Ізгі ниет пен жылы лебізге толы өткен мерекелік шара барысында ардагерлер мен қонақтардың құрметіне жақсы сөздер айтылды, ыстық ықылас-ниетін білдіргендер көп болды. Сондай-ақ, студенттік көркемөнерпаздар ұжымы мерекелік концерт ұйымдастырып, меймандардың мерейін еселей түсті. Жиын соңында ардагерлер естелік суретке түсіп, оларға арнайы сый-сияпаттар тарту етілді.
Баспасөз қызметі