Қысқы Азия ойындары Ұйымдастыру комитетінің ұйғарымымен ҚазҰУ-дың ең үздік әрі ең белсенді студенттері 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарының волонтерлары болып таңдалды. Бұл жастардың барлығы ағылшын тілін жетік білу, шетелдік қонақтармен тез тіл табысу, сонымен бірге кез келген жұмысты өз бетінше орындап, тың идея ұсыну сияқты волонтерларға қойылатын барлық талаптарға сай келеді.
Ұйымдастыру алқасы тарапынан волонтерлар атқаратын жұмыстар анықталып та қойды. Волонтер саны 13. Олар әкімшілік қызмет, Қысқы Азия ойындарының жабылу салтанатына атсалысу, қатысушыларды, қонақтарды, журналистерді аккредитациялау, спорт шеберлері мен ресми өкілдерді бастап жүру, туризм және ақпараттандыру қызметі, көлікпен қатамасыз ету, көрермендерге қызмет көрсету, спорт шеберлеріне және тағы да басқа қызмет иелеріне медициналық көмек, қауіпсіздік көмек, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату, қоршаған ортаны қорғау сияқты қызмет түрлерін көрсетіп, «Мәдени Азия» жобасын сәтті өткізуге үлестерін қоспақ.
Азиада ұйымдастырушылары ҚазҰУ волонтерларының зор үлесі бар жерде Азиада 2011 өте жемісті өтетіндігіне сенім білдіруде.
Баспасөз қызметі