- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Студенттер мен оқушылар арасындағы диалог
12.05.2018Студенттер мен оқушылар арасындағы диалог
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің 4 курс студенттері эдвайзерлері М.Т.Шадаевамен бірге Алматы қаласының «Құлагер» ықшамауданында орналасқан 148 мектеп-гимназияда жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесу бейресми жағдайда, еркін форматта өтті. Алдымен сөз алған Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы М.Т. Шадаева шығыстану факультеті, ондағы жапонтану бөлімі жайлы айта келіп, Жапон елін ойын-сұрақ түрінде таныстыратын қызықты презентация ұсынды. Бұл оқушылардың қызығушылығын оятып, екі арадағы әңгіменің одан әрі әдемі өрбуіне ықпал етті. Келтірілген қызықты фактілер мен мәліметтер оқушыларды бей-жай қалдырмады.
Одан кейін Қиыр Шығыс кафедрасының 4 курс студенті Мошқал Мадина Жапонияның Цукуба университеті мен ҚазҰУ арасындағы екі жақты серіктестік бағдарламасы аясында Жапонияға барып оқып қайтқан сапары туралы презентация жасап, өз тәжірибесімен бөлісті. Мадинаның Жапонияның оқу-ағарту саласындағы ерекшеліктері туралы, жаңа мәдени ортаға ыңғайлану, үйренісу процесі туралы, ғажайыпқа толы әсем елдегі сапар барысында алған әсерлері туралы айтқан әңгімесі оқушылардың ынтасын одан сайын оятты. Экономикасы мен технологиясы қарыштап дамыған елде білім алу мүмкіндігі құр қиял емес екендігіне оқушылардың көздері жете түсті.
Келесі кезекте сөз алған Тұрсынбаева Альбина өзінің Токио, Хиросима, Киото қалаларына жасаған екі апталық сапары жайлы әңгімеледі. Ол тартымды да қызықты етіп жасалған презентациясында Жапонияның көптеген тарихи, мәдени жерлерін көрсетті және екі аптаның ішінде қатысқан түрлі пайдалы семинарлар туралы баяндап берді.
Сөз кезегі соңынан тиген 4 курс студенті Исламбек Диардың әңгімесі өмірінде алғаш рет шет елге шығуға мүмкіндік берген HUSTEP (Hokkaido University Short-Term Exchange Program) бағдарламасы туралы және сол бағдарлама аясында Жапонияға барып қайтқан сапары туралы болды. Ол алғаш шетке шыққан екінші курс студентінің кездестірген қиыншылықтары туралы, тіл үйренудің қызығы мен шыжығы туралы, шетелдік студенттермен танысу барысында болған қызықты оқиғалар туралы, жапон университетіндегі студенттік өмір туралы айтып берді. Бұл сапар оның Жапонияға деген қызығушылығын одан сайын арттырып, сол елде оқуымды жалғастырсам деген арманын ұштай түскенін, сол арман оны ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу үшін 3 курсында тағы да Жапонияның Цукуба университетіне алып барғанын айтты. Сондай-ақ Диар өз әңгімесінде Жапониядағы оқудың біздің елдегімен салыстырғанда қандай айырмашылықтары бар екенін, өзі бірге жұмыс істеген жапон ғалымдары туралы, ғылыми-зерттеу саласында алған тәжірибесі туралы үлкен ықыласпен баяндады.
Жоспарланған презентацияның бәрі сәтті таныстырылғаннан кейін студенттер университет туралы және шығыстану факультетіне оқуға тапсыруға қатысты оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Оқушыларды негізінен шығыс тілдерін оқып-үйрену процесі мен шетелде оқуын жалғастыру сияқты мәселелер көбірек қызықтыратыны байқалды. Сонымен қатар, оқу бітірген соң жұмысқа тұру, шет елде жұмыс табу мәселелері, шығыс тілдерін оқып-үйренудің болашақтағы маңыздылығы да талқыға түсті.
Студенттердің өз тәжірибелерін бөлісіп, ал оқушылардың болашақтағы қадамдарын анықтауда осындай кездесулердің маңызы үлкен екені сөзсіз.
Қиыр Шығыс кафедрасы