- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Корей форумы өтті
19.05.2018ҚазҰУ-да «Корей түбегінің бейбіт болашағы және Кореяның бірігуіндегі диаспораның рөлі» атты халықаралық ғылыми форум болып өтті.
Форумды ұйымдастыруға Кореяның бірігуі жөніндегі Министрлік, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан корейлері Ассоциациясы, Кённам университетінің Қиыр Шығыс мәселелері бойынша ҒЗИ мен Кореяның бейбіт және демократиялық жолмен бірігуі бойынша Консультативті кеңесінің Орталық-Азиядағы өкілдігі тікелей ат салысты.
Бүгінде Қазақстан адамзаттың жаһандық мәселелерін шешу үдерістерінің белсенді қатысушысы болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы бейбіт бастамасы мен идеялары әлемдік бірлестік тарапынан қолдау тауып, қызу талқылануда, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінде өзекті рөлге ие. Қазақстан қазіргі күні күрмеуі қиын күрделі проблемаларды реттеуде шартараптық диалог алаңына айналды.
Форумды ашқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Қазақстандағы ұлттардың мызғымас достығы мен бірлігі − еліміздің орасан зор жетістігі. Қазақ жеріне жер аударылғанына биыл 80 жылдан аса уақыт толған корей диаспорасының Қазақстан халқының тату жанұясында өзіндік орны бар. Қазақстандық корейлер Корей түбегі мен Еуразия континенті арасындағы тұрақты көпір рөлін атқарады», – деп айрықша атап өтті.
Жаһандық Корей қорының президенті Ри Чжанчху: «Қазақстан мен Корея Республикасының саяси қарым-қатынастары әртүрлі бағытта дамып, экономика мен бизнес көкжиегінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл екі ел болашағы үшін мұнай, электр, сауда, инновация, жол, құрылыс сынды сан түрлі салаларда бірлесе қызмет ету өзекті», – деді президент.
Шараның пленарлық және секциялық отырыстарында «Корей түбегі және әлем», «Кореяның бөлінуі және Корей түбегіндегі әскери іс-әрекеттер кезеңі», «Мульти-полярлық кезеңдегі Азия», «Корей түбегі үшін бейбіт келісімге қол жеткізу», «Орталық Азиядағы диаспоралық қауымдастықтар», «1937 жылғы күштеп жер аудару туралы тарихи естелік» сияқты тақырыптар талқыланды.
Ғылыми форумда «Корей жастары және Корей түбегіндегі бейбіт бастамалар» тақырыбында жастар дөңгелек үстел өткізді. Шараға ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазМХҚжӘТУ-дің корейтану бөлімдерінің студенттері мен Қазақстан корейлері жастар қозғалысының белсенділері қатысты.
Форум соңы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында дәстүрлі түрде өтетін этникалық мәдениет Фестивалімен жалғасып, онда Корей театры әртістерінің арнайы қойылымдары көрсетілді.
Баспасөз қызметі